Бүгін Өскеменнің Тәуелсіздік монументінде Республика күніне және Қазақстанның Егемендік туралы декларациясының қабылданғанына 35 жыл толуына орай Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтті. Салтанатты шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп хабарлайды F16.kz.
Аймақ басшысы құттықтау сөзінде сонау 1990 жылы 25 қазанда азаттық таңы атып, егемен елдің жаңа тарихы жазыла бастағанын атап өтті. «Егемен болмай ел болмас» деген сөздің тереңдігі мен ұлағатына тоқталды.

Тәуелсіздік бәз біреулер ойлағандай тосыннан түскен сый, кенеттен бұйырған бақ емес. Ол – Ақтабан, ол – алаш, ол –қуғын-сүргін, ашаршылық, ол – желтоқсан. Бір сөзбен айтқанда, ол – өшкені жанып, өлгені тірілген, түрлі тар жол тайғақ кешулердің өтеуі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Егемендік туралы декларация бұл – мемлекетіміздің берік арқауы, халқымыздың жарқын болашаққа ұмтылысының айқын көрінісі деп тағдыршешті құжаттың маңыздылығына айырықша тоқталды. Азат елдің бүгінгі жетістіктері мен табыстары атқарылып жатқан ауқымды реформалар мен ұзақ мерзімді басымдықтарыдың барлығы ел егемендігінің арқасында ғана мүмкін болып отыр. Сондықтан егемендігімізді еселеп, тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау баршамызға артылған абыройлы міндет, – деді облыс әкімі.

Осыдан кейін жас мемлекеттік қызметшілердің ант беру рәсімі болды. Мемлекеттік қызметтің түрлі саласында еңбек жолын бастап жатқан жас мамандар елге адал қызмет етуге, Қазақстанның Конституциясы мен заңдарын сақтауға, қоғамның сенімін ақтауға ант берді. Облыс әкімі оларға қызметтік куәліктерін табыстады.




