Науқасқа қате диагноз қойып, денсаулығына ауыр зиян келтірілген дәрігер жазаланды, деп хабарлайды F16.kz.
Тергеу барысында анықталғандай, Үлкен Нарын ауданының тұрғыны былтыр 7 қазан күні сол жақ иық буынының ауырсынуына шағымданып, аудандық ауруханаға жүгінген. Дәрігер оған иық буынының артрозы диагнозын қойып, новокаинді блокада егу емін тағайындайды.
Бірнеше күн жасалған инъекциялардан кейін науқастың жағдайы күрт нашарлап, кеуде тұсында ауырсыну, ентігу және тыныс алудың қиындауы байқалған. Жәбірленушінің бірнеше мәрте шағымданғанына қарамастан дәрігер тағы да қате диагноз қойған. Артынша науқасқа өз бетінше VII қабырғааралық аймақта артқы қолтық сызығы бойынша дренаж орнатады. Алайда бұл медициналық тұрғыдан қате болып шыққан. Сондай-ақ дәрігер науқасты ауруханаға жатқызбаған және тиісті медициналық құжаттаманы рәсімдемеген.
Нәтиже шықпаған соң Алтай аудандық ауруханасына жүгінген науқасқа компьютерлік томография нәтижесінде сол жақтан болған массивті травмалық пневмоторакс» диагнозы қойылған. Науқас шұғыл түрде ауруханаға жатқызылып, қажетті ем-дом қабылдаған. Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша жәбірленушіге денсаулығына ауыр зиян келтірілгені анықталды, — дейді облыстық соттың баспасөз қызметі.
Сот шешімі бойынша дәрігер ҚР Қылмыстық кодекстің 317-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл мерзімге бостандығын шектеу және 1 жыл мерзімге белгілі бір лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.
Биыл 23 маусымдағы «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңға сәйкес, сотталған П. тағайындалған жазадан босатылды.
Жәбірленушінің азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылып, 3 000 000 теңге моральдық зиян және 240 000 теңге материалдық залал өндіріледі, — делінген соттың ресми хабарламасында.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.




