Шығыс Қазақстан облысы Таврия ауылының хосписінде жылу үнемдейтін технологиялар қолданылады. Күн және бу—тамшы батареяларынан тұратын бірегей жылыту жүйесін іске қосқаннан кейін әлеуметтік мекеменің коммуналдық шығыны 70 пайызға азайған, деп хабарлайды F16.kz.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) демеушілігімен жұмыс істейтін Қазақстандағы Жаһандық экологиялық қордың шағын гранттар бағдарламасы Шығыс Қазақстан облысындағы әлеуметтік мекемелерді жылыту үшін энергия үнемдейтін технологияларды пайдалану жобасын жүзеге асырады. Әлеуметтік нысан ретінде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданы, Таврия ауылында орналасқан хоспис таңдалды.
Біздің мекеме коммуналдық қызметтерге ай сайын шамамен 500 мың теңге жұмсап келді. Энергия үнемдейтін технологияларды, оның ішінде әсіресе күн батереяларын орнатқаннан кейін электр энергиясын тұтыну айтарлықтай төмендеді, біздің есебіміз бойынша екі есеге азайды. Қазір айына 500 мың емес, 250-300 мың теңге төлеп жатырмыз, – деді хоспис директоры Ерболат Байров.
Бүгінгі таңда мекемеде 110 қария тұрақты тұрады және олар медицина қызметкерлерінің тұрақты бақылауында. Хосписте қарттарға барлық жағдай жасалған: құнарлы тамақ, жайлы төсек-орын, науқастарға тәулік бойы күтім, таза үй-жай, бос уақытты тиімді өткізу, рухани қолдау және жанашырлық.
Бу тамшылататын қыздырғыштарды орнатқаннан кейін жылына шамамен 750 мың теңге (25 МВт/сағат) үнемдейтін болдық. Жаз мезгілінде, жылу болмағанда электр тұтыну азаяды және күн электр станциясы өндірген артық қуатты хоспис пайдалана алатын немесе сата алатын жасыл тариф қолданып, желіге қайтарылады, – деді жоба жетекшісі, «Қасиетті Өр Алтай» қоғамдық бірлестігінің директоры Дидар Далиманов.
Әлеуметтік мекемелер бюджетінің едәуір бөлігі жылу мен электр энергиясына жұмсалады. Жылыту маусымында хоспис жылу мен электр қуатына шамамен 5 миллион теңге шығындайды. Былтырдан бастап мұнда бу-тамшы батареялары мен күн батареяларынан тұратын бірегей күн жылыту жүйесі орнатылды. Бұл әлеуметтік мекеменің коммуналдық шығындарын 70 пайызға азайтты.
Біз электр қуатынан күн энергиясына көштік. Бұл жүйенің бір артықшылығы мекеме жылу мен электр жеткізушілерге тәуелді болмайды. Энергияны аз тұтынады және үнемді. Сонымен қатар бұл жабдық көміртегі шығарындыларын азайтады, — деп атап өтті хоспис директоры.
Қазақстанда шағын гранттар бағдарламасы 1997 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бүгінде жетінші кезең аясында бірқатар жоба Абай, Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Түркістан және Ұлытау облыстарының ауылдарында және қала маңындағы аймақтарында жүзеге асырылып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, шағын гранттар бағдарламасын БҰҰДБ 1992 жылы Жаһандық экология қорының (ЖЭҚ) пилоттық бағдарламасы ретінде бастаған. Оның мақсаты – үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйымдардың, сондай-ақ ЖЭҚ негізгі тақырыптық бағыттары аясында жұмыс істейтін жергілікті бастамашыл топтардың қызметін қолдау және дамыту.




