Бүгінде облыс көлемінде 1 628 спорт нысаны жұмыс істеп тұр. Биыл тағы 3 заманауи спорт кешені пайдалануға беріліп, 19 балалар футбол алаңы салынды, деп хабарлайды F16.kz.
Айта кетейік, өңірдегі спорт нысандарының 60 пайыздан астамы ауылдарда орналасқан. Бүгінде тағы 8 спорт нысанының құрылысы жалғасып жатыр.
Бұдан бөлек, түрлі бағыттағы спорт нысандарын салу және жобалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, UEFA талаптарына сай III санаттағы жабық футбол стадионының, Республикалық ұлттық теннис академиясының көпфункционалды спорт кешенінің және республикалық маңызы бар спорттық-сауықтыру орталығының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуд, — делінген облыс әкімдігінің мәліметінде.
Сондай-ақ Риддер мен Зайсан қалаларында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені және Өскеменде волейбол орталығын салу бойынша жобалар дайындалған. Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда 17 спорт бойынша 4,4 мың бала тегін үйірмелерге қатысады. Жалпы облыста 80 спорт түрі дамып келеді. Оның 36-сы олимпиадалық спорт түрі.
Естеріңізге сала кетейік, кеше өткен Үкімет отырысында спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы сөз қозғалды.




