Шығыс Қазақстан облысының спортшысы Ардақ Нұрмағамбетов пара үстел теннисінен Қазақстан кубогының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды F16.kz.
Жеке кездесуде ол қарсыластарына дес бермей, Атырау, Жамбыл облыстарының және Орал қаласының теннисшілерін ұтты. Ал финалда тағы бір атыраулық спортшымен жолы түйісіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша Ардақ ел кубогының жеңімпазы атанды.
Жұптық жарыста Атырау қаласының спортшысымен бірге өнер көрсеткен жерлесіміз барлық үш ойында да басым түсіп, чемпион атанды.
Аралас жұптық сайыста Ардақ Екатерина Федоренкомен бірге ойнады. Бұл сайыста олар күміс жүлдеге қол жеткізді.
Сөйтіп шығысқазақстандық саңлақ бір турнирден үш медальмен оралды. Ардақтың табандылығы мен еңбексүйгіштігі кейінгі буын жастарға үлгі болуға тиіс.




