Облыс аумағында «Қарасора – 2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы бес ай бойы үздіксіз жүргізіліп, 130 қылмыстық құқықбұзушылықтың беті ашылды, деп хабарлайды F16.kz.
Естеріңізге сала кетейік, 1 маусым мен 31 қазан аралығында ШҚО ПД есірткі тектес өсімдіктерді өсіру фактілерін және есірткі заттарының заңсыз айналымын анықтауға бағытталған «Қарасора – 2025» ауқымды республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді.
Есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты 130 қылмыстық құқықбұзушылықты анықтады, оның ішінде 57 сату фактісі тіркеліп, 11 фито-зертхана жойылды. Заңсыз айналымнан 555 келіден астам есірткі заты тәркіленді. Оң нәтижелі жедел іздестіру іс-шараларының бірі – облыстың бір ауданында есірткі тектес өсімдіктер егілген жер анықталып, нәтижесінде жалпы салмағы 400 келіден асатын 3 мыңнан астам түп өсімдік тәркіленді, — деп жазды ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, жедел-профилактикалық іс-шара барысында 66 адам ұсталған. Олардың 24-і есірткі сату фактісімен, 17-сі есірткі жеткізумен, 12-сі есірткі өсімдіктерін өсірумен және 29-ы есірткі заттарын сақтаумен айналысқаны анықталды.




