Еліміздің өңірлерінде су тасқыны кезеңіне дайындық шеңберінде төтенше жағдайдың алдын алуға және ықтимал салдарын барынша азайтуға бағытталған жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Төтенше жағдайлар министрлігінен хабарлағандай, Шығыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар күні бұрын басталып кеткен.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары А.Еңсегенов Шемонаиха ауданы әкімдігінің өкілдерімен бірге аталмыш өңірдің қауіпті учаскелерін аралап, жоспарлы инженерлік жұмыстардың орындалу барысын тексерді. Сапар барысында су басу қаупі жоғары учаскелер қаралды. Убинка ауылында көше жөндеу жұмыстары жүргізілуде, Красная Шемонаиха ауылында су өткізу құбырына жасалған ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар Большая Речка ауылында көпір жөндеу жұмыстары тексерілді.
– Барлық іс-шара белгіленген мерзімде орындалып, нысандардың көктемгі су тасқыны кезеңіне дайын болуы қамтамасыз етілуде, – деп жазады Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Су тасқынына қарсы жұмыстар жергілікті атқарушы органдар мен Төтенше жағдайлар департаментінің тұрақты бақылауында болады.




