Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында «Ана болу тағдырыма жазылған» атты ерекше концерт өтті. Айтулы іс-шара «Үміт» балаларды қолдау орталығының директоры Майра Бейсекенованың педагогикалық қызметінің 50 жылдығына арналды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Рас, бүгінде еліміздің Шығысында Майра Баймұқанқызын білмейтін жан кемде кем шығар. Жерлесіміздің аты республикаға да танымал. Себебі, ол сияқты бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған адам некен-саяқ.
Өзінің өмір жолын педагогикалық мамандықпен байланыстырған кейіпкеріміз бұл салада жарты ғасыр бойы табан аудармай еңбек етіп келеді. Тарихқа сәл шегініс жасасақ, Майра Баймұқанқызы Алматы мемлекеттік университетін педагогика және психология мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын балабақша тәрбиешісі болып бастаған, кейін облыстық «Балбөбек» балалар қорын басқарды. Осы ретте жерлесіміз «Балбөбек» атты алғашқы ұлттық мектепке дейінгі білім беру бағдарламасы авторларының бірі екенін де атап өткен орынды. Сондай-ақ Майра Баймұқанқызы 1999 жылдан бері «Үміт» балалар үйінің директоры қызметін атқарып келеді.

ҮЛКЕН ОТБАСЫНЫҢ ТІРЕГІ
Осындай орталықта тәрбие мен білім алып жатқан жастардың бірі Асанат Шайонбаевтың айтуынша, мекемедегі атмосфера бейне бір үлкен отбасына ұқсайды.
Мен «Үміт» орталығында бес жылдан бері тұрамын. Оны өз үйім деп есептеймін. Бізде шын мәнінде үлкен отбасы бар, ал Майра Баймұханқызы – біздің анамыз. Ол әрдайым біздің қамымызды ойлап тұрады, біз үшін уайымдайды, анамыздың қамқорлығын әрдайым сезінеміз. Бүгін біз ол кісіге арнап көптеген қойылым дайындадық – осы арқылы анамызға алғысымызды жеткізгіміз келеді, – деді ол.
Шынымен де, Майра Баймұқанқызын өз жұмысына жан-тәнімен берілген, жүрегін балаларға арнаған жан деп айтуға болады. Дегенмен, кейіпкеріміздің өзі бала күнінде ғұмырын осы бір салаға арнаймын деп еш ойламағанын жасырмайды.
Бала күнімде неге екені белгісіз, тергеуші боламын дейтінмін. Бірақ анам менің «мектеп ойынын» ерекше қызығып ойнайтынымды көріп, педагог болатынымды әу бастан-ақ сезгендей еді. Анам қателеспепті. Биыл ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалармен жұмыс істеп жүргеніме 36 жыл болды. Шынымды айтсам, әр бала үшін жаным ауырады. Мен үшін ең бастысы – олардың адам болып қалыптасуы, өмірде өз орнын табуы. Жалпы, жаман бала болмайды. Бәрі де үлкендерге байланысты ғой. Кейде дұрыс бағыт бермеген, бір жерде аямаған немесе жөнді түсіндірмеген нашар педагогтар болады. Ата-аналар да әртүрлі болады. Ал біз бұл балаларға барлық жан жылуымызды, шыдамымызды, қамқорлығымызды беруге тырысамыз. Бүгінгі мерейтой – жай ғана дата емес. Бұл – менің тамаша ұжымыммен өткен 50 жылдық ынтымақтастық, сүйікті тәрбиеленушілеріммен 50 жылдық адал достық межесі. Бұл – біздің ортақ мерекеміз, – деді мерейтой иесі.
ШӘКІРТТЕРІМЕН МАҚТАНАДЫ
Директордың айтуынша, бүгінде орталықтың көптеген түлегі еліміздің түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етіп, шығармашылық пен спортта өз жолын тапқан. Тіпті, шетелде тұрып, сол жақта қызмет етіп жатқан жастар да аз емес.
Негізі, «Үміт» орталығы өз тәрбиеленушілерінің, әсіресе шығармашылық бағыттағы жетістіктерімен бұрыннан танымал. Сондықтан болар бұл жолғы концерт барысында қойылған қойылымдар, шырқалған әндер мен биленген билер ерекше әсерлі шықты.
Концерт бағдарламасына түрлі жылдардағы түлектердің бейнеқұттықтаулары да енді, ал кейбірі арнайы келіп қатысты. Сондай жандардың бірі X-factor Kazakhstan жобасы 5-ші маусымының жеңімпазы Евгений Выблов болды. Ол сахнадан «Учитель» әнін орындап, залға жиналған қауымның зор қошеметіне бөленді. Сондай-ақ республикалық «Жас қанат» конкурсының дипломанты Елдар Уадинов «Қылықтарың ұнайды» композициясымен көпшілікті тәнті етті.

Айта кетейік, «Үміт» орталығының шығармашылық ұжымдары берісі облыстық, арысы республикалық және халықаралық өнер байқауларында үздіктер қатарынан көріне білген. Мәселен, «үміттіктер» әр жылдары «Кастальский ключ» (Санкт-Петербург), «Созвездие дружбы» (Мәскеу), «Golden Sun» (Түркия), «Дорогою мечты» (Қазан) сынды байқаулардың жүлдегерлері атанған.
Бұған қоса орталық тәрбиеленушілері Ресейдегі НТВ арнасының «Ты супер! Танцы» жобасына қатысқан, баскетболдан елішілік «Кубок надежды» жарысында күміс жүлдегер атанған. Майра Баймұқанқызының шәкірттері Италия, Франция, Өзбекстан мен Түркияда сияқты елдерде өткен бірқатар сайыстың жүлделеріне ие болған. Көптеген бала Юрий Николаев атындағы «Утренняя звезда» академиясында оқу мүмкіндігін алған.
Орталық тәрбиеленушілерінің жетістігін іс-шараға қатысқан Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев те ерекше атап өтті.
Майра Баймұханқызының еңбегі біздің өңірде ғана емес, күллі республикаға танымал. «Үміт» орталығын бәрі біледі, тіпті оның жұмысы туралы жақсы пікірлерді үкіметтен де естігенмін. Бүгінгі мерекені бәрімізге өз ісіне адалдықтың, жанкештіліктің және балаға деген сүйіспеншіліктің ерен үлгісін көрсеткен жанның бенефисі деп білемін, – деп атап өткен Ербол Нұрғалиев облыс әкімінің атынан «Үміт» үйіне интерактивті тақта сыйға тартты.
БАЛАБАҚШАДАН БАСТАЛҒАН ҰЗАҚ ЖОЛ
Кейіпкеріміздің басшылық қызметте еңбек етіп келе жатқанына 35 жылдан асты дедік. Соның көп бөлігін Өскемендегі «Үміт» балалар үйінің директоры лауазымында өткізді Егемендіктің алғашқы жылдарында құрылған «Үміт» балалар үйі де тәуелсіздікпен бірге өркендеп, дамыды. Осы уақыт аралығында мекемеден мыңнан астам бала түлеп шықты. Бүгінде олардың басым бөлігі ел дамуына үлесін қосып жүр. Осы жылдар мұғдарында Майра Бейсекенова басқаратын балалар үйі нағыз заманауи, барлық талапқа сай, шын мәнінде қуаныш пен мейірімге толы мекемеге айналды. Балалар үйінің тәрбиеленушілері облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі түрлі байқаудың жүлдегерлері мен жеңімпаздары атанды. Шығармашылық жетекшілерімен бірге олар әлемнің талай елін аралады. Осы жетістіктердің бастауында мекеме басшысының қажырлы еңбегі тұрғаны айтпасақ та түсінікті.
Балаларға өмірден өз орнын табуға көмектесу керек, – дейді кейіпкеріміз. – Бұл – менің басты ұстанымым. Ал оның ең үлкен сыйы – балалардың жарқын күлкісі мен бақытқа толы жүзі.
«МАЙРАНЫҢ БАЛАЛАРЫ»
Біздің кейіпкер қамқорлығындағы қаншама баланың әрқайсының аты-жөнін жатқа біледі, олардың қиын тағдырын жан-жүрегімен сезеді. Балалардың тұрмысын барынша жайлы етуге барын салып келеді. Сондықтан да болар былайға жұрт “Үміттің” жеткіншектерін «Майраның балалары» деп атайды.
Мекемені ұзақ жылдар басқарып келе жатқан тәжірибелі басшының әр баланың жүрегіне жол таба білуі, оларға қамқорлық пен мейірім сыйлап ғана қоймай, бойындағы қабілеттерін ашуға, таланттарын ұштауға мүмкіндік беруі нәтижесін көрсетіп келеді. Мәселен, бір шәкірті қазір АҚШ-та дизайнер болып жұмыс істейді. Ал Илья Капустенко – медицина академиясын үздік бітірген білікті хирург, Франция мен Италияда күрделі, бірегей оталарды жасайды. «Х-фактор» жобасының жеңімпазы Евгений Выболов білікті педагог. Бұдан басқа жетістікке жеткен шәкірттер қаншама.
Бала «Үміттің» табалдырығын аттаған сәттен бастап мен оған толық жауаптымын. Бір тал шашы жерге түспеуін қадағалаймын. Баланы тәрбиелеу үшін темірдей төзім қажет. Ол оңай емес. Баланы тыңдай білу керек, онымен сөйлесу керек. Жүрегінің кілтін табу маңызды. Уәде берсең – орындау керек, ұмытуға болмайды, – дейді Майра Бейсекенова.
ЕЛГЕ СЫЙЛЫ ЕРЕКШЕ ТҰЛҒА
Оның өмірі мен қызмет жолына көз жүгіртсек, бала тәрбиесімен табан аудармай 50 жыл еңбек еткенін көреміз. Осы табандылығы мен қажыр-қайратының өтеуі ретінде ол «Қазақстан Республикасының Құрметті білім қызметкері», «Білім беру ісінің үздігі» қатарлы мәртебелі атақтарға ие болды. Сонымен қатар Майра Баймұханқызы – алғашқы ұлттық мектепке дейінгі білім беру бағдарламасы «Балбөбектің» тең авторы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары басшыларының республикалық кеңесінің төрағасы, ШҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің жетекшісі. Оның кеудесінде «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі, «Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалі, ШҚО ақсақалдар кеңесінің «Құрмет белгісі», Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағын дамытуға қосқан үлесі үшін төсбелгісі, «Қазақ тілінің жанашыры» төсбелгісі, «Асыл жүрек» медалі жарқырайды. Ал министрлік тарапынан берілген марапаттар тіптен көп. Есімі «Үздік адамдар» энциклопедиясына енген тұлға Өскеменнің дамуына қосқан айрықша үлесі үшін арнайы марапатқа да қол жеткізді.
ТІЛ ЖАНАШЫРЫ
Майра Баймұқанқызы: «Мен – қазақ халқының қызымын және мұнымен мақтанамын», – деп жиі айтады. Оның мемлекеттік тілдің дамуына қосқан үлесі ерекше. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Тіл туралы» заң қабалданғанып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілген тұста, елдегі балабақша, мектеп, мекемелер мен кәсіпорындарда қазақ тілін оқыту қарқын ала бастады. Сол кезде алдыңғы шепте жүргендердің бірі дәл осы Майра Бейсекенова болды. Ол балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеп жүргенде-ақ қазақ тілін оқытуды енгізді. Бұл тәжірибесін семинар, шеберлік сабақтары, ашық дәрістер өткізу арқылы басқаларға да үйретті, 500-ден астам адам қатысатын үлкен аудиторияларда жұмыс істеді. Қазақ тілінде білім беретін топтар ашып, бұл бағыттың дамуына бастамашы болды.

Егемендіктің алғашқы жылдарында қазақтың ұлттық дәстүрлері мен салт-жоралғылары қайта жаңғыра бастады. Наурыз, Құрбан айт секілді мейрамдарды қайта тірілту үшін ол әріптестерін алыс ауылдарға жіберіп, көнекөз қариялардың әңгімелерін жинақтатты. Олар әрбір ұмыт бола бастаған рәсім мен дәстүрді қалпына келтіру үшін кітапханаларда сағаттап отырып, әдебиеттерді ақтарды. Майра Бейсекенованың бұл еңбегі қазақ тілін дамыту мен ұлттық мәдениетті қайта түлетуде маңызды із қалдырды.
Үлгілі басшы болу – құрмет пен сенімге ие болудың бір қыры ғана. Ал шын мәнінде адамдардың жүрегінен орын алу үшін ең әуелі адамгершілік, мейірім мен даналық қажет. Біздің кейіпкерді жақын танитындардың барлығы оның дәл осы қырын бағалайды. Әріптестерінің һәм тәрбиеленушілерінің сеніміне ие болу, құрметіне бөлену – оның адами болмысының нәтижесі. Майра Баймұханқызы кіммен жұмыс істесе де, адалдық пен адамдықты бірінші орынға қояды.
Бүгінгі таңда еңбек жолындағы 50 жылдық белесін атап өтіп, ел алдында есеп беріп жатқан үлкен жүректі ананың өнегелі өмірі осындай. Бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған абзал жан бауырына басқан балапандарының “АНА” деген бір ауыз сөзі үшін салмағы зіл батпан жүкті жарты ғасыр бойы арқалап келе жатыр. Жаратқан күш-қуат берсе ары қарай да арқалап жүре бермек.




