Алматыда пойызда 52 адам табиғи газдан уланып, екі бала жансақтау бөліміне түсті. Оқыс оқиға Алматы-2 теміржол вокзалында болған, деп хабарлайды F16.kz.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдерінің айтуынша, ақау шыққан пойыз «Жолаушылар тасымалы» АҚ-на тиесілі емес, ол жеке меншік тасымалдаушыға қарасты.
Хабарламада вагондардың киностудияға түсірілім жұмыстары үшін уақытша берілгені айтылады. Қазір оқиғаның себебі мен мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, оқиға орнына 13 жедел жәрдем тобы жіберілген. Барлығы 52 адам, оның ішінде балалар да медициналық көмекке жүгінген. Зардап шеккендердің барлығы қаладағы ауруханалардың қабылдау бөлімдеріне жеткізіліп, толық тексерістен өтті.
Дәрігерлер он баланың стационарға жатқызылғанын хабарлады. Екі бала жансақтау бөлімінде, қалғандары бейінді бөлімдерде ем қабылдап жатыр. Үй жағдайында бақылауға жіберілгендерге алғашқы медициналық көмек көрсетілген.
Ведомство өкілдері барлық науқастың жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында екенін және қажетті ем-шаралардың толық көлемде жүргізіліп жатқанын атап өтті.




