Өскеменде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткачтың 65 жылдық мерейтойына арналған концерт өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Мерекелік кештің әсерлі прологы ретінде мерейтой иесінің әр жылдардағы сахналық өнерінен алынған бейнекадрлар ұсынылды. Концерттік бағдарлама аясында әлемдік классикалық музыка жауһарлары — П.Чайковский, С.Рахманинов, Дж.Россини, Ж.Бизе, Ш.Гуно, Г.Доницетти, П.Масканьи шығармаларынан ариялар мен сахналық үзінділер, сондай-ақ қазақ классикалық туындылары мен неаполь әндері орындалды. Сахнада Вячеслав Ткачпен бірге оның шәкірттері де өнер көрсетті. Олар – бүгінде Қазақстанда, Еуропа мен Ресейдің жетекші опера және концерт сахналарында табысты өнер көрсетіп жүрген республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары.

Мерейтой иесін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтап, оның өңір мәдениеті мен музыкалық білім беру саласын дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.
Вячеслав Ткачтың аймақ мәдениетінің өркендеуіне сіңірген еңбегі орасан. Бұл мерейтойлық кеш оның көрнекті әртіс әрі ұстаз ретіндегі жоғары беделін көрсетеді. Оның көп жылғы шығармашылық және педагогикалық қызметі, мамандыққа деген адалдығы мен жас буынды тәрбиелеудегі еңбегі зор, – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ кеш барысында әріптестері, мәдениет саласының ардагерлері, шығармашылық және білім беру мекемелерінің басшылары да жүрекжарды лебіздерін білдірді. Әрбір орындалған туынды көрерменнің ыстық ықыласы мен шынайы қошеметіне бөленді.

Аншлагпен өткен мерейтойлық концерт Шығыс Қазақстанның мәдени өміріндегі елеулі әрі есте қаларлық оқиғаға айналды.




