Өскемен тұрғындарын мазалайтын өзекті мәселенің бірі – көп қабатты үйлердегі бірде істеп, бірде тоқтап қалатын ескі лифтілер. ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов кетеуі кеткен жеделсатылар жаңартылатынын айтты.
Ең бастысы – азаматтардың қауіпсіздігі. Сондықтан лифтілердің апатсыз әрі қауіпсіз жұмыс істеу мәселесін міндетті түрде шешеміз, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысының айтуынша, алдағы уақытта қаладағы 100-ден астам ескі лифт жаңасына ауыстырылады. Осыған дейін олардың 48-і жаңартылған.
Кездесуде тұрғындар тозығы жеткен қоқыс жәшіктері туралы айтты. Биыл Өскеменде 15 ескі қоқыс контейнері жаңартылды. Бұл жұмыс алдағы уақытта жалғасын табады және келешекте қоқыс жәшіктерін орнату қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаратын компаниялардың балансына беріледі.




