Алдағы маусымда Қазақстан Премьер лигасында Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғайтын «Алтай» футбол клубының бюджеті белгілі болды, деп хабарлайды F16.kz.
Аmanvibe.kz сайтының мәліметінше, клубтың дамуы мен тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бюджеттен 1 271 551 724 теңге бөлінеді. Бұл қаражат тек негізгі командаға емес, клубтың бүкіл құрылымын дамытуға бағытталады. Қаржыландыру мына бағыттарда жүзеге асырылады:
Негізгі команда – ағымдағы шығындарды өтеу, чемпионатқа қатысу және трансферлік саясатты іске асыру;
Жастар командасы – өңірдің болашағы зор жас футболшыларын даярлау және дамыту;
Әйелдер командасы – клуб құрылымында әйелдер футболын дамыту және команданың жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету.
Айта кетейік, облыстың денешынықтыру және спорт басқармасы 2026 жылы өңір атынан футболдан республикалық жарыстарға қатысатын команданың дайындығы мен жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету бойынша конкурс жариялады. Байқау Қазақстан футбол федерациясының қолдауымен өтетін бірқатар ірі турнирлерді қамтиды.
Келісімшарт аясында мемлекеттік қаражат есебінен шетелдік, яғни легионер ойыншыларды тартуға тыйым салынады.




