Стоматологиялық қызметтер көрсету туралы формальды шарттар жасасу және жалған медициналық құжаттар ұсыну арқылы зейнетақы жинақтарын шығарған клиника басшылары мен өзге де адамдарға қатысты тергеп-тексеру жүріп жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Аталған көмек үшін күдіктілер алынған қаражаттың 10%-дан 20%-ға дейінгі мөлшерінде заңсыз сыйақы ұстап отырған.
Қылмыстық схемаға 42 стоматологиялық клиника тартылған. Жалпы сомасы 200 млрд теңгеден астам қаражат шығарылған. Қылмыстық жолмен алынған табыстарға күдіктілер элиталық жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алып, сондай-ақ жасыру мақсатында үшінші тұлғалардың атына рәсімдеп, жаңа стоматологиялық клиникалар ашқан. Он бір күдікті 2 ай мерзімге қамауға алынды, ал үшеуіне қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Сонымен қатар, жүйелі түрде заңсыз сыйақы алу үшін медициналық мекемелердің дәрігерлері дәрігерлік-консультациялық комиссиялардың (ДКК) жалған қорытындыларын берген, күдіктілерден алынған қаражаттың жалпы сомасы 30 млн теңгені құрады, — делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің ақпаратында.
Аталған фактілер бойынша бірқатар сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды. Сондай-ақ агенттік өз зейнетақы аударымдарын алған азаматтар қылмыстық қудалау аясына түспейтінін еске салады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.




