Шекара түбіндегі Марқакөл ауданында заманауи өрт сөндіру депосы ашылды. Барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған мұндай нысан Шығыс Қазақстан облысында әзірге жалғыз, деп хабарлайды F16.kz.
Салтанатты шараға төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы қатысты. Жаңа нысан жасыл желегі мол Шығыс өңірінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесінің маңызды бөлігіне айналады.

Біз қауіпсіздік жүйесін жетілдіруді және құтқарушыларға барынша қолайлы жағдай жасауды жалғастырып келеміз. Енді ауданның әрбір тұрғыны уақтылы әрі кәсіби көмекке сенім арта алады, – деп атап өтті министр.

Аймақ басшысы қайта жаңғыртудан өткізілген нысанның Марқа өңірі халқының қауіпсіздігі үшін маңызы ерекше екенін атап өтті.
Бұл қайта жаңғыртудан өткен өрт сөндіру бөлімшесі Төтенше жағдайлар министрлігінің қолдауымен ашылып отыр. Оған республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Мұны тек жаңа техникалар немесе заманауи нысан деп қабылдамай, адамдардың қауіпсіздігінің артуы, ертеңгі күнге деген сенімнің нығаюы деп түсіну керек. Өйткені мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – адамдардың қауіпсіздігі, олардың денсаулығы және қоршаған ортану табиғи апаттардан қорғау, – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.
Өңір басшысы алдағы уақытта Өскемен және Алтай қалаларында осындай заманауи өрт сөндіру мекемелері ашылатынын айтты.

Жаңа өрт сөндіру бөлімі бұған дейін көп жыл бойы қызмет атқарған, бірақ қазіргі заман талаптары мен стандарттарға сай келмейтін ескі ғимараттың орнын толық алмастырды. Ғимарат жеке құрамның тиімді жұмыс істеуіне қажетті барлық инфрақұрылыммен жабдықталған. Атап айтқанда, демалыс және тұрмыстық бөлмелер, оқу кабинеті, спорт залы, жабдықтар мен арнайы киімдер сақтауға арналған орындар, газ-түтіннен қорғау қызметінің бекеті, заманауи байланыс және диспетчерлік жүйелер, кезекші бөлім, сондай-ақ өрт сөндіру және құтқару техникасына арналған кең бокстар қарастырылған.

Бұл заманауи бөлімшенің Марқакөл өңірінде өрт қауіпсіздігін сақтауда маңызы өте зор. Бүгін міне жаңа техникалар алып жатырмыз. Бұл техникалар төтенше жағдай кезінде жедел әрі тиімді әрекет етуге мүмкіндік береді. Осындай керемет нысанды жабдықтауға және ашуға қолдау білдірген министрлікке, облыс басшылығына Марқакөл өңірінің тұрғындары атынан алғыс айтамын, – деді жаңадан ашылған өрт сөндіру бөлімшесінің бастығы Тілек Мұқанов.

Жаңа депоның автопаркінде сегіз заманауи өрт сөндіру-құтқару техникасы бар. Бұл ауданның күрделі климаттық және таулы жағдайларында тәулік бойы жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Өрт сөндіру депосы 23 елді мекенге қызмет көрсетеді. Енді оқиға орнына жету уақыты едәуір қысқарып, 7 мыңға жуық тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор мүмкіндік туды.

Марқакөл аудандық өрт сөндіру бөлімшесінде 1995 жылдан бері еңбек етіп, қазір бейнетінің зейнетін көріп отырған Алик Сәттібаев мұндай заманауи нысан жергілікті құтқарушыларға бұрыннан арман болғанын айтады.
Бөлімшеде 15 жылдан астам уақыт жұмыс істеп, 2011 жылы зейнетке шықтым. Құрметті демалыста болсам да әлі күнге әріптестермен байланысты үзген емеспін. Білгенімді айтып, қолдан келгенше көмектесіп жүремін. Бүгін біздің ауылда – үлкен мереке, қуаныш. Жаңа бөлімше мен біз істеген кездегі мекемені салыстырсақ, арасы жер мен көктей. Мұндай заманауи өрт сөндіру депосы бізге арман болған еді. Енді сол арманымыз орындалып, оның қызығын жастарымыз көрсін, барлық жағдай жасалған мекемеде еңбек етсін, – деді зейнеткер Алик Сәттібаев.





