Зайсан әуежайын биыл жазда іске қосу жоспарланып отыр. Қазір мұнда жұмыстың 60 пайызы аяқталған. Бұл туралы бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың ауданға жұмыс сапары кезде белгілі болды, деп хабарлайды F16.kz.
Стратегиялық маңызды нысанды салып жатқан мердігер компанияның мәліметінше, құрылыс бекітілген кестеге сай жүргізіліп келеді. Кешігу жоқ. Жобаны іске асыруға 200-дей адам, 90 техника жұмылдырылған. Оның ішінде жергілікті тұрғындарды еңбекпен қамтуға басымдық берілген.
Ұшып-қону алаңы мен оған апаратын жолдардың құрылысы толық бітті. Қазір ғимараттардың құрылысын бастадық. Қаржыландыруда ешқандай мәселе жоқ. Жалпы, әуежайдың 60 пайызы дайын. Жоспар бойынша нысанды биылғы маусым айында қолданысқа беруге тырысамыз, – деді «Элхон Строй» ЖШС директорының орынбасары Әсет Бейсенұлы.

Жаңа әуе айлағын аралап, жұмыс барысымен танысқан аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов бұл нысан болашақта өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға, туризмді түлетуге тың серпін беретінін атап өтті.
Бүгінде құрылыстың 60-65 пайызы аяқталды. Қажетті құрал-жабдықтардың 80 пайызы жеткізілген. Қалған жабдықтар көп ұзамай әкелінеді. Егер бәрі жоспарға сай болса нысанды биылғы маусымда іске қосамыз. Әуежай ашылған соң мұнда 80-90 орындық орта санаттағы ұшақтар ұшып-қонатын болады. Ал терминал cағатына бір мезетте 150 адамды қабылдайды. Бұл жаңа әуежай өңір туризмін өркендетуге оң ықпал етіп, халыққа қызмет ететін болады, – деді ол.
АНЫҚТАМА
Жаңа әуежай Зайсан ауданының Сәтпай ауылы маңынан салынып жатыр. Нысанның ұшу-қону жолағының ұзындығы – 2200 метр.
Аэровокзалдың ауданы – 4000 шаршы метр.
Сонымен қатар онда қосымша жолдар, төрт ұшаққа арналған перрон, командалық-диспетчерлік пункт, авариялық-құтқару қызметі, метеостанция және радионавигациялық жабдықтар болады.
Жобаның әлеуметтік-экономикалық тиімділігі
Әуежай іске қосылғаннан кейін Қытайдың Үрімші қаласына, Алтай аймағына және Қанас көліне халықаралық рейстер ашылады. Сонымен қатар ішкі бағыттар бойынша Астана, Алматы және Өскемен қалаларына да ұшақтар қатынайды. Мұнда Bombardier Q400, ATR-72 және басқа орта санатты әуе кемелері ұшып-қона алады. Бұл жоба аймақта көлік инфрақұрылымын жақсартып, туризмді дамытуға ықпал етеді.




