Синоптиктер алдағы күндері Шығыс Қазақстан облысында ауа температурасының айтарлықтай төмендейтінін болжады. Осыған байланысты өңірде жылумен қамту жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында барлық жылу көздері жоғары дайындық режиміне көшірілді, деп хабарлайды F16.kz порталы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл шешім аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың Согра жылу электр орталығына сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес қабылданды.

Қабылданған шаралар тұрғын үйлерді, әлеуметтік нысандарды және кәсіпорындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған. Қатты аяз кезінде энергетикалық инфрақұрылымға түсетін жүктеме артып, пешпен жылытылатын тұрғын үйлер көбейетіні белгілі. Осыған байланысты жауапты қызметтер өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына және жылыту жабдықтарының дұрыс пайдаланылуына бақылауды күшейтті. Аймақ тұрғындарына қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау қажеттігі ескертіліп жатыр.
Сонымен қатар ШҚО экология департаментінің мамандары аяз әрі тымық ауа райы кезіндегі қолайсыз метеорология жағдайларын ескеріп, атмосфералық ауаның сапасына тұрақты мониторинг жүргізуді жалғастырады.




