Былтыр Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ауқымды экологиялық жұмыстар атқарылды. Өңірде 127 түрлі экологиялық іс-шара өткізіліп, табиғатты қорғауға бағытталған акциялар, байқаулар мен челлендждер ұйымдастырылды, деп хабарлайды F16.kz.
Бағдарламаның маңызды бағыты – экологиялық тәрбиені ерте жастан қалыптастыру. «Жасыл балабақша» жобасы 17 мектепке дейінгі ұйымды қамтып, балалар интерактивті сабақтар мен ойындар арқылы табиғатты аялауды үйренді. Сонымен қатар «Мен зерттеушімін» байқауы жас дарындарды анықтап, олардың жобалары республикалық деңгейде таныстырылды.
Мектептерде экологиялық білім жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Арнайы эко-сабақтарда оқушылар энергияны үнемдеу, суды тиімді пайдалану, табиғатты қорғау дағдыларын үйренеді. Бұл жұмыстарға 86 мыңнан астам оқушы тартылды. ProEco байқауы мен «Табиғатты аяла» форумы мыңдаған жасөспірімді біріктіріп, экологиялық мәдениетті нығайта түсті.
Өңірдің бірқатар мектебі «Үздік экологиялық білім беру ұйымы» ұлттық байқауында жоғары нәтиже көрсетті. Бұл – жүйелі жұмыстың айқын дәлелі.
Абаттандыру және көгалдандыру бағытында да көрсеткіштер жоғары. Жыл ішінде 138 мың көшет егіліп, жоспар артығымен орындалды. Мемлекеттік орман қоры аумағында 15,9 млн ағаш егілді. Өскемен қаласы мен аудандарда жаңа жасыл аллеялар бой көтерді.
Тұрғындардың қатысуымен «Таза аула», «Үлгілі ауыл», «Парктер шеруі – 2025» акциялары өтіп, 10 мыңнан астам адам табиғатты қорғау шараларына атсалысты. Сонымен қатар 150 мыңнан аса тұрғын сенбіліктерге қатысып, мыңдаған тонна қоқыс шығарылды.
Бизнестің экологияға қосқан үлесі де назардан тыс қалмады. «Өскемен ЖЭО» ЖШС экологияға қосқан үлесі үшін республикалық деңгейде үздіктер қатарынан көрінді.
Жалпы, 2025 жылғы жұмыстар Шығыс Қазақстанда экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы кешенді іс-шаралардың тиімділігін көрсетті. «Таза Қазақстан» бағдарламасы өңірдің тұрақты дамуына және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға серпін беріп отыр.




