Қатты аязға байланысты бүгін сағат 19.00-ден бастап Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы республикалық жолдарда қоғамдық көліктер мен дизельмен жүретін көліктерге қозғалыс уақытша шектеледі, деп хабарлайды F16.kz.
Шектеу келесі республикалық маңыздағы автожолдардың жеті учаскесінде енгізіледі:
Өскемен – Семей автожолы (10–103 км, Герасимовка ауылынан Абай облысының шекарасына дейін);
Өскемен – Риддер – Ресей Федерациясы шекарасы (15–105 км, Белоусовка кентінен Риддерге дейін);
Өскемен – Алтай – Үлкен Нарын – Катонқарағай – Рахман қайнары (7–450 км, Ушанов ауылынан Рахман қайнарына дейін);
Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы (1104–1212 км, Глубокое кентіне бұрылыстан Шемонаиха қаласы арқылы РФ шекарасына дейін);
Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы (1013–1062 км, Абай облысының шекарасынан Алмасай ауылының бұрылысына дейін)
ҚХР шекарасы – Майқапшағай – Қалбатау – Семей – Павлодар – РФ шекарасы (0–124 км, Дайыр ауылының бұрылысынан Марқакөл ауылына дейін);
ҚХР шекарасы – Майқапшағай – Зайсан айналма жолы арқылы – Қалбатау – Семей – Павлодар – РФ шекарасы (1103–1256 км, Абай облысының шекарасынан Зайсан қаласына дейін), (1258–1321 км (Зайсан қаласынан Майқапшағай бекетіне дейін, ҚХР шекарасы).
ШҚО ТЖД мамандары жүргізушілерге алыс жолға шықпас бұрын жол жағдайын нақтылап, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды ескертеді. Шектеу аяз қайтқанға дейін болады.




