Өскеменде дәрі-дәрмектің бағасын бақылау жалғасып жатыр. Таяуда Шығыс Қазақстан облысының қоғамдық кеңес мүшелері мен салалық құрылымдар өкілдері бірлесіп тексеру жүргізді. Мақсат – дәріханаларды жауапқа тарту емес, заң талаптарын түсіндіру, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу. Мониторинг тобымен бірге F16.kz журналистері де рейдке шықты.

2021 жылғы 27 тамызда еліміздің денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен шекті баға белгіленген дәрі-дәрмек тізімі бекітілген. Құжатта өндіруші белгілейтін ең жоғары баға, сондай-ақ көтерме және бөлшек саудадағы шекті бағалар айқындалған. Тізімде 4994 дәрі-дәрмек түрі енгізілген. Оның ішінде аса маңызды препараттармен қатар күнделікті сұранысқа ие қан қысымына, тыныс алу жолдары ауруларына, фиброздың жекелеген түрлеріне және өзге де кең тараған сырқаттарға арналған дәрілер бар. Дегенмен бұл тізім нарықтағы барлық дәрі-дәрмекті түгел қамтымайтынын айта кету керек.
Баға қалай белгіленеді?
Шекті баға – тауардың нақты белгіленген ең жоғары бағасы, одан қымбатқа сатуға болмайды. Бірақ бір препарат дәріханаларда әртүрлі сатылуы мүмкін. Бұл салық жүйесіне байланысты: кейбір дәріханалар қосылған құн салығын (ҚҚС) төлесе, енді бірі жеңілдетілген салық режимімен жұмыс істейді. ҚҚС енгізілуі нарықта белгілі бір баға теңсіздігін тудырды.
Қосымша құн салығын шекті бағаға енгізу – қоғамда әлі күнге дейін қызу талқыланатын мәселенің бірі. 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-247/2020 бұйрыққа сәйкес, шекті баға белгілегенде ҚҚС ескерілмейді. Ал Салық кодексінде ҚҚС тауар бағасының үстіне қосылатыны көрсетілген. Бұл норманы бекітуге тиіс жаңартылған бұйрық жобасын Әділет министрлігі қайта қарауға жіберді. Қазір құжатқа түзету енгізіліп жатыр. Нәтижесінде ҚҚС шекті бағаның үстінен қосылатыны, яғни оның құрамына кірмейтіні нақты жазуы керек. Заңдық тұрғыда нақты түсіндірменің болмауы дистрибьюторларға қиындық туғызып отыр, сондықтан шығынға ұшырамас үшін олар кейбір дәрі-дәрмекті сатуды уақытша тоқтатуға мәжбүр.
Шекті баға әдетте, жылына екі реттен артық жаңартылмайды. Алайда бағаның күрт өзгеруі дәріханаларды да тығырыққа тірейді: егер дәрі қымбатқа сатып алынып, кейін оның шекті бағасы төмендетілсе, кәсіпкер шығынға батады.
Дәріханаларды бақылау қалай жүргізіледі?
Қоғамдық кеңес жанындағы денсаулық сақтау жөніндегі комитет төрағасы Әділ Пшеновтың айтуынша, Өскемендегі мониторинг тура мағынасында «жаяу аралау» әдісімен жүргізіледі, яғни бақылау тобы дәріханаларды жеке-жеке аралап, өздерін таныстырып, бағаны тексереді. Мониторинг туралы Медицина және фармацевтика бақылау комитетінің облыстық департаменті алдын ала хабардар етілген, ал ол дәріханаларды құлақтандырған. Содан болар тексеру ың-шыңсыз өтті.
Қазір Өскеменнің түрлі ауданындағы он шақты дәріхананы тексеріп шықтық. Әрине, қосымшада көрсетілген бес мыңға жуық дәрі-дәрмектің барлығын қамту мүмкін емес. Мониторинг барысында жекелеген препараттар бойынша шекті бағаның жоғарылағаны анықталды. Атап айтқанда, тексерілген дәріханалардың басым бөлігінде «Престариум 10» препараты 1500-2000 теңгеге қымбат сатылған. Сондай-ақ «Зитрокс 500» дәрісінің бағасы шамамен 150–200 теңгеге жоғары болған. Бірнеше дәріханада «Индапамид» препаратының шекті бағасы сақталмаған, – деді Әділ Пшенов.
Бағаны кім бақылайды және қайда шағымдануға болады?
Денсаулық сақтау министрлігі бұйрығының орындалуын бақылау Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне жүктелген. Халықтан келіп түскен шағымдарды қабылдап, тексеру жүргізу де осы органның міндеті.
Егер тұтынушы дәрінің белгіленген шекті бағадан жоғары сатылып жатқанын байқаса, келесі әрекетті істегені жөн:
- кассалық чекті сақтау;
- препараттың шекті бағасын тексеру (тізім мен бұйрық интернетте ашық жарияланған);
- дәріхана қызметкерінен бұл препараттың қашан сатып алынғанын нақтылау;
- қажет болған жағдайда Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне шағымдану.
Шағымды онлайн да жолдауға болады. Сонымен қатар ақпаратты тексеру үшін тауардың жеткізілуі мен бағасы көрсетілетін «Нақты өнім» мобильді қосымшасын пайдалануға мүмкіндік бар.
Бұл не үшін қажет?
Шекті баға туралы хабардар болу – тұтынушының ақшасын үнемдейтін нақты құрал. Мемлекет мыңдаған дәрі-дәрмекке ең жоғары бағаны бекітіп қойған, ал сатып алушы бұл норманың орындалуын талап етуге құқылы. Дәріханаларды бақылау алдағы уақытта да жалғасады, ал қоғам белсенділері тұрғындарды мұқият болуға және өз құқығын қорғай білуге шақырады.




