Дүниежүзілік сайлау күніне орай Шығыс Қазақстан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Өскемен қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Шерубаевпен сұхбат болды, деп хабарлайды F16.kz.
Подкаст барысында спикер сайлау құқығының конституциялық негіздеріне, Қазақстан Республикасы Конституциясының жоғарғы заң ретіндегі рөліне, сондай-ақ азаматтардың сайлауға қатысу құқығын қорғау кепілдіктеріне қатысты сұрақтарға жауап берді. Дауыс беру теңдігі, жасырын және ерікті дауыс беру қағидаттары, сайлаушыларға қысым көрсетуге жол бермеу, сондай-ақ әлеуметтік осал топтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Комиссия төрағасы адамдарды белгілі бір түрде дауыс беруге мәжбүрлеуге болмайтынын атап өтті.
Бұл Конституция мен заңдарда тыйым салынған. Сайлауға қатысу – ерікті, сондай-ақ белгілі бір кандидатқа немесе партияға дауыс беру де әр азаматтың өз таңдауы. Кез келген мәжбүрлеу, қорқыту, сатып алу немесе қысым көрсету заң бұзушылық болып саналады. Сайлаушы мұндай фактілер туралы сайлау комиссиясына немесе құқық қорғау органдарына хабарлауға құқылы, — деді Нұрлыбек Шерубаев.
Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, азаматтардың құқықтық сауаттылығы мен сайлау мәдениетін арттыруға бағытталды.




