Ертең, 31 қаңтарда Қарулы күштердің барлық әскери бөлімдерінде сарбаздардың ата-аналары мен туыстарына арналған ашық есік күні өтеді, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл күні ата-аналар ұлдарының әскердегі жағдайын, күнделікті өмірін көзбен көріп, қарулы күштердің тыныс-тіршілігімен жақынырақ таныса алады. Бағдарламаға қару-жарақ пен әскери техника үлгілерін, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің жаттығуларын және тұрмыс жағдайын, казармалар мен асханаларды көрсету енгізілген. Командирлер мерзімді әскери қызметке қатысты сұрақтарға жауап береді. Ашық есік күнін өткізудегі мақсат – армия мен қоғам арасындағы сенімді нығайтуға, арттыруға және мерзімді әскери қызметтің нақты жағдайын таныстыруға бағытталған.
Іс-шара қорытындысы бойынша ең үздік мерзімді әскери қызметшілерге адал қызметі мен үлгілі әскери тәртібі үшін марапат ретінде бір күндік сейілдеме беріледі.
Әр әскери бөлім ашық есік күнін өткізу уақытын өзі белгілейді. Ал ата-аналарға ақпаратты әскери бөлімдердің қолбасшылығы жеткізеді.
Қарулы күштердің әскери бөлімдерінде ата-аналар мен шақырылуға дейінгі жастар үшін ашық есік күндерін тұрақты түрде өткізіп тұру тәжірибеге айналған. Ол әскери қызметтің ашықтығын қамтамасыз етуге және ата-аналарды хабардар етуге бағытталған. Осы мақсатта бөлім командирлері WhatsApp мессенджерінде арнайы чаттар ашады. Сондай-ақ, «Отбасымен бейне қоңырау» сервисі арқылы ата-аналармен тұрақты бейнеқоңырау байланысы ұйымдастырылған. Сол үшін арнайы планшеттер сатып алынған.
Сонымен қатар, әскери бөлімдерде «Аналардың жүрегі» сарбаз аналары комитеті республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдеріне тұрақты түрде толық қолжетімділік берілген. Олар әскери бөлімдердегі сарбаздардың қызмет ету жағдайын үнемі тексеріп, ол жердегі жағдай туралы Қарулы күштердің басшылығы мен ата-аналарға ақпарат беріп тұрады.




