Табиғаты көркем Катонқарағай өңірінде жыл он екі ай қызмет көрсететін туристік бағыттар қолға алынып жатыр. Енді Төр Алтай туристерді әдеттегідей жазда ғана емес, қыста да қабылдауға дайын, деп хабарлайды F16.kz.
Қыста Алтайдың баурайындағы Катонқарағай ауданы ерекше келбетке енеді. Мұзарт шыңдар, қар жамылған қалың орман, таза ауа мен мөлдір өзен-көлдер аймақтың қысқы туризмді дамытуға айрықша қолайлы екенін көрсетеді. Табиғи жағдай тау-шаңғы спортына, экотуризмге және белсенді демалыс түрлеріне кең мүмкіндік беріп отыр.
Қазір аудан басшылығы мен туризм саласының өкілдері өңірдің табиғи-климаттық әлеуетін тиімді пайдалану арқылы қысқы туристік бағыттарды жүйелі дамытуға басымдық беріп жатыр. Бұл бастама тек демалыс орындарын ашумен шектелмей, аудан экономикасын әртараптандыруға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын құруға жол ашатын маңызды бағыт ретінде қарастырылып отыр.
Осы орайда халықаралық және көршілес елдердің тәжірибесіне сүйену қажет. Атап айтқанда, Ресейдің Алтай Республикасындағы «Манжерок» тау-шаңғы курорты үлгісінде заманауи инфрақұрылым қалыптастыру Катонқарағайды бәсекеге қабілетті қысқы туризм аймағына айналдыруға мүмкіндік бермек.
Осы мақсатта Катонқарағай ауданының делегациясы көрші елдің Алтай аймағына жұмыс сапарымен барып, қысқы туризмді дамытудың табысты тәжірибесімен танысты.
Айта кетейік, «Манжерок» атауының түп-төркіні қазақтың «мыңжүрек» сөзімен үндеседі. Бұл елді мекен Ресейдің Алтай Республикасындағы Маймин ауданында, Катунь өзенінің бойында орналасқан. Қазір Манжерок тау-шаңғы спорты мен экотуризмді дамытуға бейімделген ірі туристік орталықтардың бірі саналады.
Таулы-Алтай қаласында қала әкімінің міндетін атқарушы Юлия Мягковамен болған кездесуде туристік инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту және тау-шаңғы курорттарының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері талқыланды.
Делегация Маймин ауданының марал шаруашылығында болып, агротуризмді дамыту, марал шаруашылығы өнімдерін өңдеу және ауыл шаруашылығы бағыттарын туризммен ұштастыру тәжірибесін зерделеді. Сондай-ақ «Манжерок» тау-шаңғы курортының қызметімен жан-жақты танысты. Қатысушыларға туристік инфрақұрылым нысандары, қызмет көрсету жүйесі, қысқы демалыс түрлерін ұйымдастыру, қауіпсіздік шаралары, сервистік сүйемелдеу, инвестор тарту тетіктері мен туристік өнімді ілгерілету жолдары көрсетілді. Курортты кезең-кезеңімен дамыту, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік және жыл бойы жұмыс істейтін туристік кластер қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Катонқарағай ауданының әкімі Данияр Дүйсембаев «Манжерок» курортының даму моделіне жоғары баға беріп, мұндай заманауи тау-шаңғы инфрақұрылымының Катонқарағай ауданы үшін де өзекті екенін атап өтті.
Табиғи-климаттық әлеуеті жоғары Катонқарағай өңірінде «Манжерок» үлгісіндегі шаңғы базасын салу қысқы туризмді дамытудың жаңа кезеңін бастап, аудан экономикасына серпін береді. Бұл бағытта нақты инвестициялық ұсыныстар әзірлеу қажет, – деді аудан әкімі.
Аудан делегациясы Таулы-Алтай қаласындағы музейге барып, мәдени-танымдық туризмді дамыту тәжірибесімен және оның өңірдің табиғи-рекреациялық әлеуетімен байланысымен танысты.
Жұмыс сапарының соңында «Манжерок» курортының тәжірибесі Катонқарағай ауданында бәсекеге қабілетті қысқы туристік бағыт қалыптастыру, тау-шаңғы инфрақұрылымын дамыту, қызмет көрсету экономикасы мен сабақтас бизнес түрлерін өркендету үшін маңызды екені атап өтілді. Көрші елдің тәжірибесі алдағы уақытта ауданда қысқы туризмге бағытталған туристік жобалар мен инвестициялық ұсыныстар әзірлегенде қолданылады.




