Еліміздің қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың бұйрығымен әскери бөлімдерде бірыңғай ашық есік күні өтті. Іс-шара аясында 4 мыңнан астам сарбаздардың ата-анасы мен туыстары әскери бөлімдерге келіп, ұлдарының қызметімен танысты.
Қонақтарға қару-жарақ пен әскери техникалар көрмесі ұсынылып, сарбаздардың саптық даярлықтары, қоян-қолтық ұрыс элементтері мен оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау шеберлігі көрсетілді. Сонымен қатар әскери тәртіпті сақтау, тәрбие жұмыстары мен қауіпсіздік шаралары туралы толық ақпарат берілді.
Ата-аналар казармаларды, тұрмыстық аймақтарды, асханаларды аралап, сарбаздардың күнделікті өмірі мен тамақтану тәртібін көрді. Іс-шараның әсерлі сәттерінің бірі – ата-аналар мен сарбаздардың бірлескен түскі асы болды. Көпшілік бұл кездесуде ұлдарының тәртіпті, жауапкершілігі жоғары азамат болып қалыптасып келе жатқанын байқады.
Әскери бөлімдерге келген жас қонақтар да назардан тыс қалмады. Олар ағаларының әскери қызметіне қызығушылық танытып, мақтаныш сезімін білдірді. Мұндай кездесулер әскери дәстүрдің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуына ықпал ететіні атап өтілді.
Елордадағы әскери бригадада Қарағанды, Шымкент, Қызылорда, Қостанай және Астана қалаларынан 170-тен астам ата-ана жиналып, тир, спорт зал, кітапхана мен тактикалық дайындық алаңдарын аралады. Жауынгерлік жарыстардың жеңімпаздары да ерекше құрметке ие болды.
Ақтау гарнизонында 400-ден астам қонақ әскери-теңіз күштері мен теңіз жаяу әскерлері бөлімдерінің тыныс-тіршілігімен танысты. Ал десанттық-шабуылдау әскерлерінде ата-аналарға әуе-десанттық дайындық элементтері көрсетілді.
Іс-шараға келе алмаған ата-аналар үшін «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі ұйымдастырылып, командирлер сарбаздардың жетістіктері туралы тікелей ақпарат берді.
Бірыңғай ашық есік күні ата-аналарға ұлдарының кәсіби командирлердің жетекшілігімен қызмет етіп жатқанын, олардың қауіпсіздігі мен тұрмыс жағдайына ерекше көңіл бөлінетінін көрсетуге мүмкіндік берді. Бұл бастама армияға деген сенімді нығайтып, сарбаздарға көрсетілетін қамқорлықтың Қарулы күштер үшін басты басымдық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.




