Өскемен қаласы әкімдігінде өткен актив отырысында жаңа Конституция жобасы талқыланды, деп хабарлайды F16.kz.

Қала әкімі Алмат Ақышовтың айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер азаматтардың қолданыстағы құқықтары мен бостандықтарын сақтап қана қоймай, оларды кеңейтуді көздейді. Сонымен қатар құқықтарды жүзеге асыру және қорғау тетіктері күшейтілмек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін қазіргі кезең Қазақстанның болашағы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өткен болатын. Қабылданатын шешімдер елдің ұзақ мерзімді даму бағытын айқындайды. Конституциялық реформа Президенттің бір палаталы Парламент құру бастамасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ еліміздің тарихында алғаш рет Ата заң жобасы бүкілхалықтық талқылауға ұсынылды, – деді Алмат Ақышов.
Конституция жобасында заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, азаматтардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылған. Сонымен қатар білім мен мәдениетті дамыту, цифрландыру, ғылым, инновация және жасанды интеллект салаларын қолдау мәселелері де қамтылған.
Жиын барысында цифрлық құқықтар тақырыбы да жеке қарастырылды. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Гүлмира Байыркенова бүгінгі таңда адам тек физикалық емес, цифрлық кеңістікте де өмір сүретінін атап өтті. Сондықтан бұл кеңістікте де негізгі құқықтар мен бостандықтар сақталуға тиіс.
Жобаға сәйкес, хат алмасу, келіссөздер мен хабарламалардың құпиялығы, жеке деректер мен банктік құпияның қорғалуы Ата заң деңгейінде бекітіледі. Сонымен қатар адамның жеке өміріне қол сұқпау құқығы тек нақты өмірде емес, цифрлық ортада да танылмақ. Сарапшылардың пікірінше, жеке өмір мен дербес деректерді қорғауды цифрлық технологияларды қолданумен тікелей байланыстыру – заманауи талаптарға сай маңызды қадам.
Белсенді цифрландыру жағдайында Конституция жобасында азаматтардың құқықтарын дәл цифрлық ортада қорғау туралы норма алғаш рет енгізіліп отыр.




