Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін темекі өнімдерін (снюс) заңсыз дайындап, таратумен айналысқан ұйымдасқан топтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды F16.kz.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Келес және Ордабасы аудандары аумағында орналасқан үш бірдей жасырын өндіріс орны әшкереленіп, олардың жұмысы толық жойылды.
Анықталғандай, заңсыз өндіріс жалпы аумағы 500 шаршы метрден асатын нысандарда ұйымдастырылған. Күн сайын бұл цехтарда шамамен 20 адам жұмыс істеген. Тыйым салынған өнімдер еліміздің барлық өңірлеріне жүйелі түрде жөнелтіліп отырған.
Заңсыз айналымнан 1 миллионнан астам дайын өнім, 30 тонна темекі, 2 миллион қаптама пакет, түрлі хош иістендіргіштер мен улы химиялық қоспалар, сондай-ақ арнайы өндірістік жабдықтар тәркіленді. Тәркіленген шикізат көлемі шамамен 60 миллион дана бір реттік снюс өндіруге жеткілікті болған.
Сот санкциясымен заңсыз қызметтен түскен қаражатқа сатып алынған екі автокөлікке тыйым салынды.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Қаржылық мониторинг агенттігі снюс құрамында никотин мен улы химиялық заттар бар екенін ескертеді. Мұндай өнімдер адамды тәуелді етіп, ауыз қуысының шырышты қабатын зақымдайды, жүрек-қантамыр аурулары мен улану қаупін едәуір арттырады.




