Шығыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлер палатасында Конституциялық комиссия мүшесі Аяужан Әшімова кәсіпкерлермен кездесті. Кездесуде жаңа Конституция жобасының негізгі тұстарына назар аударылып, енгізілетін өзгерістер әрбір азаматтың өміріне қалай әсер ететіні айтылды, деп хабарлайды F16.kz.
Басқосуда экология мәселесі де қозғалды. Жаңа редакцияда қоршаған ортаны қорғау, табиғатты сақтау жауапкершілігі мемлекетке де, қоғамға да ортақ міндет ретінде қарастырылатыны айтылды. Сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтары қалай бекітілетіні және оларды қорғаудың қандай тетіктері ұсынылатыны түсіндірілді. Отбасы құндылықтары және оның қоғамдағы орны тілге тиек болды.
Біз кәсіпкерлермен арнайы кездесіп отырмыз. Себебі алда 15 наурызда өтетін референдумда дауыс беретін негізгі заң әрбір азаматтың өміріне әсер етеді. Сондықтан оны мұқият зерделеуіміз керек. Кәсіпкерлер қауымы қашанда өзгерістерді жіті бақылап отырады. Әрине, олар жаңа Конституция қабылданса, қазақстандықтардың өмірінде қандай өзгерістер болатынын білгісі келеді, – деді Аяужан Әшімова.
Кездесуге қатысушылар бұл жай ғана заңға өзгеріс енгізу емес, елді әділетті, тұрақты әрі әлеуметтік жауапты мемлекетке айналдыруға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.
Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Алыстан Маратов Конституцияға енгізілетін өзгерістердің бизнес үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Негізгі заңға бірқатар өзгеріс енгізілмек. Бұл – кәсіпкерлер үшін маңызды кезең. Себебі Конституция мүлікке иелік ету, меншік құқығы сияқты бизнестің негізгі қағидаларын айқындайды. Кәсіпкерлік тікелей мүлікті басқарумен байланысты болғандықтан, бұл өзгерістер бизнеске үлкен әсер етеді. Көпшілік оң нәтижелер болады деп үміттенеді.
Негізгі баптарға келсек, онда меншік құқығы, салық салу, жер және жер қойнауына қатысты маңызды мәселелер қамтылған. Өйткені бұл салалардың бәрінде кәсіпкерлердің мүддесі бар, – деді ол.
Кездесу соңында Аяужан Әшімова Конституция – жай ғана құжат емес, күнделікті өміріміздің негізі екенін айтты. Осындай ашық пікір алмасулар халықтың ел болашағына бейжай қарамайтынын және өзгерістерге белсенді қатысуға дайын екенін көрсетеді.




