Астанада ҚР премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен министрліктің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Жиынға вице-министрлер, комитет төрағалары, министрлікке қарасты ұйымдардың басшылары мен сала өкілдері қатысты. Отырыста 2025 жылғы жұмыс қорытындылары талданып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер мен стратегиялық бағыттар айқындалды. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Аида Балаева негізгі заңға енгізілген ауқымды өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, ұлттық мәдениетті қолдау мен тарихи-мәдени мұраны сақтау алғаш рет Конституция деңгейінде мемлекеттің басты даму қағидаттарының бірі ретінде бекітілген.
Кездесу барысында министрлік жұмысының барлық бағыттары қаралып, салаларды заман талабына сай жүйелі жаңғырту қажеттігі айтылды. Сондай-ақ жаңа тәсілдер мен заманауи даму үрдістерін енгізу мәселелері талқыланды.
Сонымен бірге дамыған елдердің тәжірибесіне сүйенген жаңа Конституция жобасы сөз бостандығына кепілдік беретіні және азаматтардың цифрлық кеңістіктегі құқықтарын қорғау туралы норма алғаш рет енгізілгені атап өтілді. Осыған байланысты министрлік пен оған қарасты ұйымдардың жұмысына цифрлық шешімдерді кеңінен енгізу, жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылды. Премьер-министрдің орынбасары саланы дамытуға арналған бірыңғай цифрлық стратегия әзірлеуді тапсырды.
Отырыста мәдениет саласын дамыту, креативті индустрияларды қолдау, ақпараттық саясатты жетілдіру, азаматтық қоғам институттарының әлеуетін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік жастар және отбасы саясатын тиімді іске асыру мәселелері де қозғалды.
Жиын соңында Аида Балаева әріптестеріне атқарылған жұмыс үшін алғыс айтып, алдағы міндеттерді жауапкершілікпен орындауға шақырды. Сондай-ақ ведомствоаралық ынтымақтастықты күшейтіп, қойылған тапсырмалардың сапалы әрі уақытында орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.




