Шығыс Қазақстанда “Көктем-2026” республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Ондағы мақсат — азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін жетілдіру, басқару органдарын, күштер мен құралдарды көктемгі су тасқынына дайындау, деп хабарлайды F16.kz.
Оқу-жаттығудың практикалық кезеңі аудан-қалаларда өтті, оған 800-ге жуық жеке құрам мен 300-ден астам техника жұмылдырылды. Ал Өскеменде Ертіс арнасындағы су деңгейінің көтерілуіне байланысты іс-шаралар пысықталды. Сценарий бойынша топан су саяжайларға апаратын көпірді шайып кетеді. Оқиға орнына төтенше жағдай қызметкерлері мен полиция келеді, олар дауыс зорайтқыштың көмегімен тұрғындарды эвакуация туралы хабарлайды. Құтқарушылар жол талғамайтын техникамен және жүзу құралдарымен су құрсауында қалған жергілікті тұрғындарды қауіпсіз аймаққа тасымалдайды. Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен психологтары зардап шеккен халыққа көмек көрсетеді. Коммуналдық қызмет өкілдері қап төсеп, бөгеттер мен үйінділерді нығайтады. Ең бастысы, зардап шеккен тұрғындарды қамтамасыз ететін уақытша орналастыру пункттерінің дайындығын қамтамасыз ету болды.
Оқу-жаттығуда су тасқыны жағдайында көмек көрсететін азаматтық қорғау күштері мен құралдарына маңыз берілген.
Шығыс Қазақстанда барлығы 71 су тасқыны қаупі бар елді мекен анықталды. Су тасқыны қаупі күшейгенде жұмылдыратын 3677 адамнан тұратын құтқару тобы, 556 техника, 75 жүзу құралы және 234 мотопомпа дайын тұр. Төтенше жағдай кезінде халықты орналастыру үшін жалпы сыйымдылығы 21 мыңнан асатын 182 халықты қабылдау пункті дайындалды, — деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығы Рашид Блялов.
Оқу-жаттығу барысында су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін өзге өңірлерге жіберілетін инженерлік техниканы тиеу жағы да пысықталды.
Сонымен талдау жүргізілді, авариялық-құтқару құралымдарының дайындығына баға берілді, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің қызметін одан әрі жетілдірудің басым бағыттары айқындалды.




