Өңірде туризм саласына көңіл бөлініп, жыл өткен сайын алыс-жақын шетелдерлен келетін туристер саны артып келеді. Осыған сәйкес, қызмет көрсету саласын дамыту, сапалы интернетпен қамту мәселелерін шешу жолға қойылған, деп хабарлайды F16.kz.
Биыл өңірдегі бірқатар туристік орындар Starlink спутник желісіне қосылмақ.
Облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы мәліметінше, бүгінде өңірдегі 24 туристік нысанда интернет бар, олардың 17-сі мобильді операторлар арқылы қосылған.
Алайда жаз мезгілінде демалушылардың саны артып, желіге түсетін жүктеме көбейіп, интернет жылдамдығы төмендейді. Әсіресе, Сібе көлдері маңынан осы мәселені жиі байқауға болады, — дейді басқарма өкілдері.
Ал Катонқарағай ұлттық табиғи паркі, Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы, Шыбындыкөл мен Дубығалы көлдері және Қиын-Керіш шатқалы әлі күнге дейін тұрақты интернетпен қамтамасыз етілмей отыр.
Бұл аймақтарда Starlink желісіне қосуды жоспарлап отырмыз. Қазір жабдықты қабылдап, интернетті қосу шығындарын өз мойнына алуға дайын туроператорлардың тізімі жасалды, — делінген ШҚО цифрландыру және архивтер басқармасының ақпаратында.




