Бүгін, 12 наурыздан бастап елдегі бейнекамералар жол қозғалысы ережесін бұзудың жаңа түрлерін тіркей бастады. Бұл өзгерістер Әкімшілік кодекстің 31-бабына енгізіліп, Цифрлық кодекс аясында қабылданды, деп хабарлайды F16.kz.
Мамандардың айтуынша, жаңа талаптар жүргізушілерге қосымша тыйым салмайды және заңды қатаңдатпайды. Тек ереже бұзуды анықтау тәсілі жаңартылып отыр. Ондағы басты мақсат – заманауи технологиялардың көмегімен жолдағы тәртіпті күшейтіп, азаматтардың қауіпсіздігін арттыру.
Бұған дейін автоматты жүйелер алты түрлі заң бұзу дерегін тіркейтін. Олар: жылдамдықты арттыру, бағдаршамның тыйым салынған түсіне өту, жол белгілері мен таңбаларын сақтамау, көлікті дұрыс тоқтатпау немесе тұраққа қоймау, басып озу ережесін бұзу және жаяу жүргіншілерге жол бермеу.
Енді камералар жүргізушінің рөлде отырып телефонмен сөйлескенін және қауіпсіздік белдігін тақпағанын да анықтай алады. Сонымен қатар жүйе мемлекеттік дерекқорлармен бірігу арқылы техникалық тексерістен өтпеген көліктерді, сақтандыруы жоқ көліктерді және басқа да заң талаптарының бұзылуын тіркей алады.
Кейбір жағдайларда заң бойынша ескерту қарастырылса, жүйе оны автоматты түрде рәсімдей алады.




