Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында Мемлекет басшысы Қасым—Жомарт Тоқаев Ата заңды өзгерту себебін түсіндірді, деп хабарлайды F16.kz.
1995 жылғы Конституцияда мемлекеттік билікті нығайтуға басымдық берілді. Сол заманның биігінен қарағанда, бұл орынды еді. Өйткені Тәуелсіздіктің елең-алаңында заң шығару қызметін қамтамасыз ету қажет болды. Қолданыстағы Конституцияны сынға алудың қажеті жоқ. Өйткені бұл құжат мемлекетіміздің іргесін бекемдеуге оң ықпал етті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жаңа Конституцияда адам және оның құқығы мен бостандығын қорғауға айрықша маңыз берілгенін атап өтті.
Қазіргі қоғам өмірінде «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» деген қағидаттың өзектілігі артты. Сондықтан жаңа Конституцияның бойынан осы ұстаным анық аңғарылады. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға 30 баптан тұратын ең үлкен бөлімнің арналуы тегін емес. Бұл – Ата заңның шамамен үштен бірі. Салыстырмалы түрде айтсақ, Президент туралы бөлім небәрі 10 баптан тұрады. Азаматтарымыздың құқығына қатысты көптеген нормаға жаңа мазмұн беріліп, мән-маңызы арта түсті, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар жаңа Ата заңда еліміздің тарихи-мәдени мұрасын, отбасылық және адами құндылықтарды сақтап, қорғауға ерекше назар аударылған.
Бұл – халқымыздың ажырамас құқығы. Ешбір саясаткердің, иә болмаса қоғам белсендісінің, шетелдік немесе отандық үкіметтік емес ұйымның ешқашан бұған күмән келтіруіне, сынап-мінеуіне қақысы жоқ. Оған жол бермейміз. Халқымыздың басым бөлігі отбасын қолдау бағытындағы мемлекеттік саясатты құптайды. Өйткені отбасы дегеніміз – ұлттың жаңа қасиетін қалыптастырып, адал азаматты тәрбиелеп шығаратын алтын ұя. Азаматтарымыздың мүддесін қорғау – ең маңызды мемлекеттік міндет. Сайып келгенде, бұл егемендігімізге, ұлтымыздың баянды болашағына қатысты мәселе, – деп атап өтті Президент.




