Алматы облысының Қонаев қаласында цифрлық технология мүмкіндіктерін көрсеткен ауқымды дрон-шоу ұйымдастырылды. Қала аспанында 500-ден астам дрон қалықтап, көрермендерге әсерлі жарық композицияларын ұсынды, деп хабарлайды F16.kz.
Шоу барысында аспанда Қазақстан картасы бейнеленіп, көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды айшықтайтын шаңырақ, көктем мен жаңарудың нышаны саналатын қызғалдақ гүлі, Digital Nauryz және «Наурыз құтты болсын!» деген мерекелік жазулар жазылды. Дрондардың көмегімен «Қазақстан» және «Алматы облысы» деген жазулар да көрінді.
Бағдарламада ел өміріндегі маңызды саяси оқиғаға арналған композициялар да көрсетілді. Аспанда «15 наурыз – референдум» және «Жаңа Конституция» деген жазулар пайда болып, дауыс беру белгісі арқылы азаматтардың өз таңдауын жасау құқығы символдық түрде көрсетілді.
Шараны тамашалауға 5 мыңнан астам көрермен жиналды. Олардың қатарында Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері болды.
Жиналғандар алдында Алматы облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Тұрымбетов пен облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Қазыбек Дауталиев сөз сөйлеп, тұрғындарды алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Кеш соңында шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Қала тұрғындарына республикалық референдум туралы ақпараттық брошюралар таратылды.




