Облыс аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды. Тәртіп сақшылары 10-13 наурыз аралығында 2300-ден астам құқықбұзушылық тіркеген, деп хабарлайды F16.kz.
Қоғамдық тәртіпті бұзғандар арасында тіркеусіз және жеке басын куәландыратын құжатсыз жүргендер мен қоғамдық орында ішімдік ішкендер көп. Одан бөлек, түнгі уақытта үйден тыс жерде жүрген кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер мен көші-қон заңнамасын бұзған шетелдіктер де анықталған.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында заңсыз сақталған 12 атыс қаруы тәркіленді. Уақытша бейімдеу және интоксикация орталықтарына 40 азамат орналастырылды. Жол қауіпсіздігіне де ерекше назар аудардық. 4 күн ішінде жол ережесін бұзған 1700-ден астам адам ұсталды, — дейді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Полицияның дерегінше, жаяу жүргіншілерге жол бермеу фактісі бойынша 236 жағдай, көлік құралын басқару құқығынан айырылып, көлік тізгіндеген 25 факті, масаң күйде көлік жүргізген 7 жағдай және қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен 6 жағдай анықталып, жауапкершілікке тартылған.
Құқық қорғау органдарының өкілдері облыс тұрғындары мен қонақтарын қолданыстағы заң талаптарын және қоғамдық қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады.




