Өскемен қаласында 18–20 наурыз аралығында өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің XXXIV ерлер арасында, XII әйелдер арасында және XI жасөспірім ұлдар арасында қысқы чемпионаты өтеді, деп хабарлайды F16.kz.
Еліміздің әр өңірінен келген 500-ге жуық спортшы келесі дисциплиналар бойынша бақ сынайды:
— Кедергілері бар 100 метрлік жолақтан өту
— Оқу мұнарасының 2, 3, 4-қабаттарына шабуыл сатысымен көтерілу
Өрт сөндіру-құтқару спорты — құтқарушылардың жауынгерлік дайындығын арттыратын және өрт сөндіру тәжірибесінде қолданылатын қолданбалы спорт түрі. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында біздің спортшылар өрт эстафетасында және жалпыкомандалық есепте қола жүлдеге ие болды. Шығысқазақстандық спортшы Никита Боков 15–16 жас аралығындағы орта топта жасөспірімдер арасында шабуыл сатысымен көтерілу және 100 метрлік кедергілер жолағынан өту бойынша күміс жүлдегер атанып, осы дисциплиналар бойынша Қазақстан Республикасының рекордын жаңартты, — дейді ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Қысқы чемпионаттардың қоссайыс қорытындысы «ҚР өрт қауіпсіздігі қауымдастығы» кубогына қатысу үшін ерлер арасында 60 мықты спортшы және әйелдер арасында 40 мықты спортшы іріктеледі. Сондай-ақ өрт сөндіру -құтқару спорты бойынша ҚР ТЖМ алдын ала ұлттық құрама командалары құрылады.




