Шымкентте өтіп жатқан халықаралық технологиялық форум аясында Қазақстандағы жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. Іс-шара барысында жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун Үкімет басшысына арнайы көрме аймағында Жасанды интеллекттің ұлттық платформасының жұмысын көрсетті.
Вице-министрдің айтуынша, бұл платформа – мемлекеттік сектордағы цифрлық трансформацияның негізгі тірегіне айналған біртұтас экожүйе. Ол суперкомпьютерлерді, үлкен тілдік модельдерді және 120-дан астам мемлекеттік деректер базасын біріктіреді. Соның нәтижесінде мемлекеттік органдарда жасанды интеллектке негізделген шешімдерді әзірлеу мен енгізу айтарлықтай жеделдеген.
Бүгінде платформа тек процестерді автоматтандырумен шектелмей, өзіндік «ЖИ-агенттер фабрикасы» ретінде жұмыс істейді. Қазір азаматтар мен мемлекеттік аппараттың қажеттіліктеріне бейімделген 50-ден астам арнайы ЖИ-агент әзірленген. Олар түрлі қызметті жеңілдетіп, мемлекеттік органдардың жұмыс тиімділігін арттыруға ықпал етеді.
Форумдағы таныстырылым кезінде жасанды интеллект құралдарының күнделікті қызметтегі нақты нәтижелері де көрсетілді. Мәселен, ЖИ-көмекші жыл сайын келіп түсетін 5,5 миллион өтініштің 1 миллионнан астамын өңдеп, 16 мемлекеттік органның жұмысын жеделдетуге көмектескен. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілер арнайы қауіпсіз ЖИ-аудармашыны белсенді қолдануда – оның көмегімен 400 мыңнан астам аударма жасалған. Ал жиналыстарды автоматты түрде хаттамалау жүйелері нақты уақыт режимінде жұмыс істеп тұр.
Цифрлық трансформацияның ауқымы кадрларды даярлау көрсеткіштерінен де көрінеді. Бүгінде 60 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер AI Qyzmet оқыту курстарынан өткен. Ал платформаны тұрақты қолданушылар саны 15 мыңнан асып отыр.
Жүйенің негізгі тірегі – мемлекеттік деректерді орталықтандырып, бір ортада басқаруға мүмкіндік беретін AI DataHub платформасы. Бұл жүйе әртүрлі дереккөздерді біріктіріп, оларды терең талдауға жол ашады. Соның арқасында халыққа арналған жаңа буындағы цифрлық қызметтер іске қосылуда.
Мәселен, eGov AI кеңесшісі қазірдің өзінде 2 миллионнан астам сұранысты өңдеп, байланыс орталықтары мен халыққа қызмет көрсету орталықтарына түсетін жүктемені айтарлықтай азайтқан. Сонымен қатар ЖИ-агенттері газ көрсеткіштерін автоматты түрде есепке алу, медициналық мекемелерде дәрігерлерге көмек көрсету және Qazaq Law жүйесі арқылы құқықтық кеңес беру сияқты түрлі салаларда қолданылып келеді. Бүгінде мұндай технологиялар еліміздің 38 клиникасында енгізілген.
Таныстырылым соңында Дмитрий Мун AlemGPT негізінде жасалған жаңа әмбебап модельдің мүмкіндіктерін көрсетті. Бұл жүйе күнделікті мемлекеттік қызметтерді толық автоматтандыруға бағытталған. Атап айтқанда, баланы бір мектептен екіншісіне ауыстыру сияқты қызметтерді тез әрі ашық түрде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, жасанды интеллектке негізделген мұндай цифрлық шешімдер Қазақстанда мемлекеттік басқарудың жаңа моделін қалыптастыруға жол ашып отыр. Сарапшылардың пікірінше, бұл бағыттағы жұмыстар «көрінбейтін үкімет» қағидатына біртіндеп көшуге мүмкіндік береді. Яғни, технологиялар азаматтардың қажеттіліктерін алдын ала болжап, қызметтерді барынша жеңіл әрі қолжетімді ететін жүйе қалыптасады.




