Шығыс Қазақстанның мәдени қазынасы тағы бір жарқын қойылыммен толықты. Облыстық драма және оперетта театрының сахнасында «Тақиялы періште» спектаклінің премьерасы өтіп, өнерсүйер қауымға ерекше әсер сыйлады, деп хабарлайды F16.kz.
Жаңаша тыныс алған классикалық қойылым көрерменді бірден баурап, залды шынайы сезім мен жылы күлкіге бөледі. Премьера кешіне өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов та қатысып, шығармашылық ұжымның еңбегіне жоғары бағасын берді.
Е.Темірбеков пен А.Гладилина туындысы негізінде сахналанған бұл қойылым – уақыт сынынан сүрінбей өткен, ұлттық болмысты айшықтайтын өміршең шығарма. Спектакль өзегінде мәңгілік тақырыптар – махаббат пен адалдық, отбасы құндылығы, ұрпақ сабақтастығы жатыр. Адам жанының нәзік иірімдері мен тұрмыстық шындық көркем юмормен астасып, көрерменді әрі ойландырып, әрі күлдіре отырып жүрекке жол табады.
Жаңа сахналық нұсқа классиканың рухын сақтай отырып, бүгінгі күннің талғамына сай көркемдік шешімдермен байытылған. Жарық, музыка және сахналық қозғалыс үйлесімді үндесіп, оқиғаның әсерін тереңдете түседі. Театрдың кәсіби әртістері, хор мен оркестр, балет ұжымы бір арнада тоғысып, тұтас бір көркем әлем қалыптастырған. Әрбір кейіпкердің бейнесі айқын, әрбір көрініс – шынайы әрі әсерлі.
Сахнадағы оқиға көрерменді өткен мен бүгіннің арасын жалғап, ұлттық құндылықтардың мәңгілік екенін тағы бір мәрте ұқтырады. Осындай туындылар арқылы рухани сабақтастық жалғасып, өнердің тәрбиелік мәні айқындала түседі. «Тақиялы періште» – тек қойылым емес, ол – көрерменге ой салатын, көңілге жылу ұялататын, ұлттық болмысты жаңғыртатын тағылымды туынды.




