Қазақстанда 30 наурыз – Халықаралық қалдықсыз күн аясында Экология және табиғи ресурстар министрлігі қалдықтарды тұрақты басқаруға көшу және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту маңыздылығын атап өтті.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында, Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен, министрлік қалдықтарды басқару саласында жүйелі реформаларды жүзеге асырып келеді.
Маңызды кезеңдердің бірі – 2025 жылғы 31 желтоқсанда Қазақстан Үкіметінің 2026–2030 жылдарға арналған барлық қалдық түрлерін басқару тұжырымдамасын бекітуі. Бұл құжат сала дамуының тұтас әрі кешенді моделін қалыптастыратын алғашқы стратегиялық құжат болып саналады.
Реформаның негізгі элементтерінің бірі – «Жасыл даму» АҚ базасында Ұлттық қалдықтарды басқару орталығын құру. Жаңа орталық жүйені үйлестіруші ретінде жұмыс істеп, ведомствоаралық өзара іс-қимылды, бірыңғай стандарттарды және ұлттық деңгейде бақылауды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар, қалдықтардың түзілуінен бастап кәдеге жаратуына дейінгі барлық кезеңдерді цифрлық есепке алу мен мониторинг жүйесін енгізу жоспарланған. Бұл жүйе қалдық ағындарының ашықтығын қамтамасыз етіп, есептілікті сенімді етуді және көлеңкелі айналымды азайта отырып, мемлекеттік бақылауды күшейтеді.
Тұжырымдама қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейінің төмендігі, қалдықтарды көму үлесінің басымдығы, инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы, сондай-ақ өндірістік және қауіпті қалдықтардың едәуір көлемін шешуге бағытталған.
Реформа аясында сұрыптау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту, қайталама ресурстар нарығын қалыптастыру, тарихи жинақталған қалдықтарды өңдеу, сондай-ақ қауіпті және медициналық қалдықтарға бақылауды күшейту жоспарланған.
Арнайы назар ауылдық елді мекендерге аударылады: қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметтері кеңейтіліп, рұқсат етілмеген қоқыс орындары азайтылып, өңірлердің экологиялық қауіпсіздігі арттырылады.
Тұжырымдама қалдықтарды ресурс ретінде қарастыратын айналымды экономикаға көшуге негізделген. Бұл қайта өңдеуді, қайта пайдалануды ынталандыру, инвестиция тарту және заманауи кәдеге жарату технологияларын енгізуді қамтиды.
Қалдықтарды тұрақты басқаруға көшу бағытындағы негізгі құралдардың бірі – EcoQolday бағдарламасы. Бағдарлама тиімді жинау және қайта өңдеу жүйесін қалыптастыруға, сондай-ақ ел бойынша қайта өңдеуші кәсіпорындарды қолдауға бағытталған.
Жоспарланған шараларды іске асыру арқылы Қазақстан қалдықтарды басқарудың заманауи әрі ашық жүйесін қалыптастырып, экологиялық қауіпсіздікті күшейтуді және халықтың өмір сүру сапасын арттыруды көздейді.




