Өскеменде теміржол маңындағы қауіпсіздік мәселесі қайтадан күн тәртібіне шықты. Кейінгі жылдары белсенді жүргізілген түсіндіру жұмыстарына қарамастан, тәртіп бұзушылар азаймай отыр, деп хабарлайды F16.kz.
Былтыр Өскемен жолшылары қызмет көрсететін 252,6 шақырым теміржол учаскесінде пойыздар 29 рет шұғыл тоқтатылған. Мұндай төтенше жағдай негізінен теміржолға адам, автокөлік немесе мал шығып кеткенде болады.
Атап айтқанда, бес жағдайда теміржол бойында адамдар жүрсе, үшеуінде көліктер пойыз жолын кескен. Ең көп тіркелген оқиға – теміржолға мал шығуы. Мұндай 16 оқиға болған. Сонымен қатар жабайы жануарлар мен бөгде заттар да қауіп төндірген.
Мамандар шұғыл тежеудің жай ғана техникалық әрекет емес екенін айтады. Бұл – адам өміріне тікелей қауіп төндіретін төтенше жағдай. Әрбір жағдай қайғылы оқиғаға әкеліп соғуы мүмкін. Одан бөлек пойыздар кешігіп, жанармай шығыны артып, басқа да қосымша шығындар көбейеді.
Сарапшылардың пікірінше, пойыздардың жоспарсыз тоқтауына негізгі себеп – қарапайым қауіпсіздік талаптарының сақталмауы. Теміржолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өту, малды қараусыз жаю және өткелдерде тәртіп сақтамау. Міне, осындай заң талаптарын бұзу жағдайлары жиі кездеседі.
Теміржол – қауіпті аймақтардың бірі. Сондықтан әрбір азамат қауіпсіздік ережелерін сақтауға тиіс. Қарапайым талаптарды орындау – адамның өз өмірін ғана емес, айналасындағылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды шарт.




