Шығыс Қазақстан облысының полицейлері үйінде заңсыз қару сақтаған азаматтарды анықтады. Бұл жағдай Глубокое ауданында жүргізілген жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында белгілі болды, деп хабарлайды F16.kz.
Тексеру кезінде екі жергілікті тұрғын заң талаптарын елемей, тіркелмеген қаруды үйінде сақтағаны анықталған. Олардың бірінен «Стражник» травматикалық тапаншасы мен 10 оқ табылды. Ал екінші тұрғынның үйінен «Стражник» тапаншасы, «ТОЗ-63» тегіс ұңғылы мылтығы және «МР-654К» пневматикалық тапаншасы тәркіленді. Бұл азаматтардың екеуі де полицияға қарудың тиісті рұқсат құжаттарын көрсете алмаған. Бұл – қару айналымы ережесін тікелей бұзу болып саналады.
Құқық қорғау органдары қаруларды тәркілеп, аталған тұлғаларға қатысты процессуалдық шаралар қабылдады. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деп мәлімдеді ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
ШҚО Полиция департаменті азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырады. Мамандардың айтуынша, заңсыз қару сақтау – қоғамдық қауіпсіздікке үлкен қатер төндіретін құқықбұзушылық. Рұқсатсыз сақталған кез келген қару ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.




