Өскеменде қоғамдық көлікте кәмелетке толмаған қыздарды қорғауға тырысқан жолаушыға 60 550 теңге айыппұл салынды. Ал қыздарға тиісіп, жұрттың наразылығын туғызған ер адам 17 250 теңге айыппұл арқалады, деп хабарлайды F16.kz.

Естеріңізде болса, бұған дейін әлеуметтік желілерде автобустағы ер адамның оқушы қыздарға тиісіп, әдепсіз әрекет жасағаны түсірілген бейнежазба кең тараған еді. Бұл жәйт ата-аналардың алаңдаушылығын туғызып, қоғамда қызу пікірталасқа себеп болды. Куәгерлердің айтуынша, шамамен 11-12 жастағы қыздарға бейтаныс ер адам қайта-қайта жақындап, қол жүгірткен. Қорыққан балалар өз аялдамасына жетпей автобустан түсіп қалған. Осы оқиғаны көріп тұрған Олжас есімді бозбала әлгі ер адамды тоқтатпақ болып, оны сыртқа шығып сөйлесуге шақырған. Алайда әңгіме жанжалға ұласқан. Ақыр соңында балаларға араша түскен жігіттің өзі жауапкершілікке тартылды.
Өскемен қалалық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, қыздарды қорғаған Олжас есімді бозбалаға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы 1-бөлігі бойынша (қоғамдық тәртіпті бұзу – ред.) айып тағылған. Сот материалдарына сәйкес, оның балағат сөздер айтқаны дәлелденген. Іс сотта қаралып, Олжас кінәсін мойындаған.
Ал қыздарға тиісу дерегі бойынша ұсталған ер адамның ісі сотқа жетпеген. Полиция оған қатысты ӘҚБтК-нің 449-бабы 1-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырып, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салумен шектелген.
Бұл шешім әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырды. Көпшілік балаларды қорғаған азаматқа жаза қолдану әділетсіз деп, мұндай әрекеттер керісінше қолдау табуға тиіс деген пікір білдірді.




