Өскеменде «Восток» стадионын ағымдағы жөндеу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгін аймақ басшысы спорт нысанының жағдайын көріп, атқарылып жатқан жұмыстың барысымен танысты. Қазақстан Премьер—лигасында облыс намысын қорғайтын «Алтай Өскемен» футболшыларымен тілдесіп, алдағы ойындарға сәттілік тіледі, деп хабарлайды F16.kz.

Естеріңізде болса, былтыр Бірінші лига командалары арасынан үздік үштікке ілінен «Алтай Өскемен» клубы биылғы маусымды Премьер-лигада бастады. Соған сәйкес, «Восток» стадионын жаңарту қолға алынған. Бүгінде ауқымды жөндеу жұмысы қыза түскен. Нәтижесінде ойыншылардың киім ауыстыратын бөлмесі, медициналық кабинет жаңартылып, жаңадан инженерлік желі тартылады. Қонақтарға, БАҚ өкілдеріне арнайы аймақтар жасалады. Ең маңыздысы заманауи VAR жүйесі орнатылып, VIP-сектор құрылады, LED-борттар монтаждалып, жарықтандыру жүйесі жақсартылады және жасанды көгалды толық жаңарады.
Аймақ басшысы өскемендік футболшылардың UEFA талаптарына сай келетін жабық футбол стадионында доп тебетін күні алыс емес екенін айтты. Қазір спорт нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, сараптамаға берілген. Қыркүйектің аяғына дейін сараптама қорытындысын алып, құрылыс басталмақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірде бұқаралық спортты дамыту аясында жүйелі жұмыстар қолға алынған. Бүгінде «Восток» стадионын Премьер-лига ойындарын өткізу үшін дайындап жатырмыз. Жұмыс сәуірдің соңына дейін толық аяқталуы керек. Бұл алаңдағы алғашқы ойын 9 мамырда өтеді. Оған дейін барлығы сақадай сай болуға тиіс. «Алтай Өскемен» командасы Алматы, Астана қалаларында ойын өткізіп, шеберліктерін көрсете алды. Алдағы ойында да барын салады деген үміттемін. Біздің тараптан жан-жақты қолдау болады, — деді облыс әкімі.
Айта кетейік, қазір «Алтай Өскемен» үйдегі ойындарды Алматыда өткізіп жүр.
Клуб директоры Нартай Чамбиловтың айтуынша, жаңғырту жұмысы белгіленген мерзімде аяқталады.
Трибуналар қалпына келтіріліп, ойын алаңы жаңартылады. Бұл ең алдымен, ойыншылар мен жанкүйерлерге ыңғайлы жағдай жасауға бағытталған. Алаң толықтай Премьер-лига талаптарына сәйкес келтіріледі, – деді ол.
Айта кетейік, «Восток» стадионы Өскемендегі негізгі футбол аренасы болып саналады. 1963 жылы ашылған спорт кешенінің сыйылымдылығы — 8,5 мың орын.




