Шығыс Қазақстан облысында құтқарушылар өздерінің сенімді серігі – Вилли атты лабрадор тұқымды қызметтік итті салтанатты түрде зейнетке шығарып салды, деп хабарлайды F16.kz.
«Источник Счастья Виллингтон» деген ресми аты бар Вилли төтенше жағдайлар департаментінде 10 жылдан астам уақыт қызмет еткен. Осы уақыт ішінде ол көптеген іздестіру-құтқару операциясына қатысып, қар көшкінін түсіру кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және профилактикалық рейдтерге белсенді атсалысқан. Құтқарушылардың айтуынша, «зейнеткер» ит енді кинолог маманның үйінде тұрады.
Вилли, біз оны солай атаймыз, енді демалып, көбірек серуендейді. Көп жылғы қызметтен кейін тынығып, күтімде болады, – деді жедел-құтқару жасағының басшысы Игорь Лапенлавский.
Төрт аяқты құтқарушыны құрметті демалысқа шығарып салу рәсіміне департамент қызметкерлері мен кинологиялық қызметтің басқа да иттері қатысты. Виллиге адал қызметі үшін алғыс айтылып, әріптестері оны қошеметпен зейнетке шығарып салды.




