24-31 наурыз аралығында еліміздің барлық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарында конституциялық реформаның негізгі ережелерін талқылауға бағытталған іс-шаралар кешені ұйымдастырылды, деп хабарлайды F16.kz.
Республиканың әр өңірінде студенттер, оқытушылар және ғылыми қызметкерлер қатысқан кездесулер, сараптамалық пікірталастар, дөңгелек үстелдер және басқа да диалог алаңдары өткізілді. Барлығы шамамен 250 іс-шара ұйымдастырылып, профессорлық-оқытушылық құрамның, докторанттар мен магистранттар, жас ғалымдардың 10 мыңнан астам өкілі қамтылды.
Кездесулер барысында қатысушылар Мемлекет басшысының белгілеген ғылым мен жоғары білімді дамытудағы негізгі бағыттарын талқылады. Оның ішінде ғылыми әлеуетті нығайту, университеттердің рөлін арттыру, жас ғалымдарды қолдау, ғылымды экономика саласымен интеграциялау, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын дамыту мәселелері қаралды.
Аталған шаралар жастар арасында конституциялық құндылықтарды тұрақты түсінуді қалыптастыруға, құқықтық сауаттылықты арттыруға және азаматтық жауапкершілікті дамытуға бағытталған.
Сонымен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми қызметкерлері «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы: салыстырмалы талдау» атты әдістемелік нұсқаулық әзірледі, ол Ұлттық коалиция жұмысына пайдаланылды.
Қазіргі уақытта жаңа Конституцияға арналған әдістемелік ұсыныстар мен ғылыми түсіндірмелер профильдік мамандар мен сарапшылар қауымдастығының қатысуымен дайындалып жатыр.
Сонымен бірге жаңа Конституцияның нормалары оқу бағдарламаларының мазмұнына енгізіліп, жоғары білім жүйесінде әлеуметтік-гуманитарлық пәндер бойынша білім беру бағдарламаларын жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.




