Шығыс Қазақстандағы туризмді дамытуға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Өскемен мен Рахман қайнары арасындағы республикалық автокөлік жолын жаңарту. Биыл қолға алынған жөндеу жұмысы өңірдің ең көрікті туристік аймақтарының біріне еш қиындықсыз жетуге, ішкі туризмнің дамуына мүмкіндік береді, деп хабарлайды F16.kz.
Қазақстанда жалпы туристік аймақтарға апаратын жолдарды жаңғырту жұмысы жалғасып жатыр. Көлік министрлігінің мәліметінше, республикалық маңызы бар автожолдарды реконструкциялау жол жүру уақытын қысқартумен қатар, жол бойындағы сервистің сапасын арттыруға бағытталған. Бұл өз кезегінде ел ішіндегі саяхатқа сұранысты күшейтудің негізгі факторларының бірі саналады.
Шығыс Қазақстан облысы бұл үдерістен тыс қалған жоқ. Әсіресе, табиғаты ерекше Қатонқарағай өңіріне апаратын жолдың жаңартылуы туристер үшін маңызды өзгеріс болмақ. Бұл өңірдің туристік әлеуетін арттыруға ықпал ететін жобалар қатарында.
Жалпы, биыл елімізде туристік аймақтарға апаратын бірқатар жол учаскесінде орташа жөндеу жүргізіледі. Олардың ішінде Өскемен – Қатонқарағай бағытынан бөлек, Жаңаөзен – Кендірлі, Көкшетау – Зеренді, Кеген – Қырғызстан шекарасы және Қалқаман – Баянауыл автожолдары бар.
Инфрақұрылымды дамыту тек жол жөндеумен шектелмейді. Биыл жол бойындағы сервисті жақсарту мақсатында 50 жаңа нысан салу жоспарланған. Бұл жұмыс «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мен жергілікті әкімдіктердің бірлесуі арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, кәсіпкерлерге сервистік нысандарды күтіп ұстауға кеткен шығындардың бір бөлігін өтеу тетігі қарастырылған.
Сарапшылардың пікірінше, жол сапасының жақсаруы мен сервистің дамуы Шығыс Қазақстанның туристік тартымдылығын арттырып, өңір экономикасына оң әсерін тигізеді. Әсіресе, Өскемен – Қатонқарағай бағытының жаңаруы табиғи туризмді дамытуда шешуші рөл атқармақ.




