Шығыс Қазақстан облысында ардагерлер ұйымының есептік конференциясы өтіп, жиынға өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Кездесу барысында ұйымның жылдық жұмысы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер талқыланды, деп хабарлайды F16.kz.
Қазір облыстық ардагерлер ұйымында өңір бойынша 120-дан астам мүше бар. Ұйым өкілдері қоғамдық өмірге белсенді араласып, аға буынға қолдау көрсету бағытында ауқымды жұмыстар атқарып келеді.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, Шығыс Қазақстанда түрлі санаттағы 3,5 мыңнан астам жалғыз тұратын ардагер бар. Олар үй жағдайында әлеуметтік қызметтермен қамтылған. Жалпы алғанда, өңірде 135 мың зейнеткер тұрады, олардың ішінде Ұлы Отан соғысының алты ардагері бар.
Конференция барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасын сайлау мәселесі қаралды. Облыс әкімі ұсынысымен Айтқазы Шерубаев кандидатурасы ұсынылып, делегаттар тарапынан бірауыздан қолдау тапты. Осылайша, оның өкілеттігі тәжірибесі мен бұрынғы жұмысының нәтижелері ескеріле отырып ұзартылды.
Жиын соңында қатысушылар ардагерлер қауымдастығының өңірдегі қоғамдық бастамаларды жүзеге асырудағы және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.




