«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы 2024 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен басталып, бүкіл ел аумағында жалғасқан кең ауқымды шараға айналды. Күн жылынып, жер қарая әр өңірде сенбіліктер жалғасып, көшелер қыс бойы жиналған қоқыстан тазартылып жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл игі бастаманы барлық қоғам өкілдері, тұрғындар, еріктілер, мемлекеттік қызметкерлер мен жастар қолдап, туған өлкесінің экологиясын жақсартуға жаппай кірісті.
Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы тұрғындары да эко-науқанға белсене қатысып, тазалық шараларына қол ұшын беріп жатыр.

Бүгін аудан әкімі Арман Бекбосынов «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру аясындағы жұмыс кеңесін өткізіп, былтыр жүргізілген жұмыстарды қорытындылап, биылғы жоспарды талқылады.
2025 жылы ауданымызда экологиялық мәдениет қалыптастыруға, қоршаған ортаны, туған жерімізді тазартуға арналған бірқатар шаралар өткізілді. Еріктілер мен жастардың қатысуымен 10-нан астам сенбілік, «Таза жағалау», «Таза бейсенбі» және «Мөлдір бұлақ» акциялары ұйымдастырылды. Бұл жұмыстарға өткен жылы 300-ден астам адам қатысты. Биыл да игі шаралар жалғасын табады. Арнайы жоспар бекітіліп, 22 іс-шара өткізу жоспарда бар. Тек кентті және ауылдарды тазартып қана қоймай, көшет отырғызып, жағалауларды тазартуға да атсалысамыз, — деді Ұлан ауданы Жастар ресурстық орталығының директоры Бауыржан Бигалиев.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша, көгалдандыру және тазалық жұмыстарына белсене қатысқан Айыртау ауылдық округі үздік атанды. 2300-ге жуық тұрғыны бар ауылдық округте былтыр 12 сенбілік өткізілген.
Бүгін біздің ауыл үздік атанды. Ол жастармен, ауыл тұрғындарымен тығыз байланыста жұмыс істегеннің нәтижесі, ұйымшылдықтың жемісі деп білемін. Апта сайын өтетін сенбіліктерге де тұрғындар белсене қатысады. Соның арқасында ауылымыз күннен күнге гүлденіп келеді, — деді Айыртау ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Жан Ақшолақов.
Аудан әкімі өз кезегінде туған өлкені таза ұстайтын дәстүрді баянды етіп, көктемде өттетін эко-науқандарда белсенділік танытуды сұрады.
Таза Қазақстан ұғымы тек сенбілікпен шектелмеуі қажет. Тазалық – әр адамның өзінен басталады. Ойы, ниеті таза жан айналасын ластамайтыны анық. Кенттің ішін араласақ кейбір көпқабатты үйдің маңы қоқыстан, темекінің тұқылынан көз ашпайды. Дәстүрлі түрде өтетін сенбілік– тек мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлердің міндетіне кірмейді. Қоршаған ортаны таза ұстау – әр азаматтың парызы, — деп атап өтті аудан әкімі Арман Бекбосынов.
Айта кетейік, ертең, яғни 11 сәуір күні Ұлан ауданының орталығы Қасым Қайсенов кентінде кезекті сенбілік өтеді.




