Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстары арасындағы ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілмек. Өңіраралық байланысты нығайту мақсатында Шығыстан құрамында 21 адамы бар арнайы делегация Ұлытау облысына жұмыс сапарымен барып қайтты, деп хабарлайды F16.kz.
Делегация құрамында агроөнеркәсіп кешені, экономика, өнеркәсіп және туризм салаларының мамандары, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері болды. Сапар барысында олар Ұлытау өңіріндегі ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылып жатқан табысты жобалармен танысып, жергілікті тәжірибені зерделеді. Жұмыс сапарының соңында екі өңір арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат тараптардың аграрлық сектордағы өзара іс-қимылын күшейтіп, бірлескен жобаларды іске асыруға негіз болады.
Сапар бағдарламасы тек ресми кездесулермен шектелмей, мәдени бағытты да қамтыды.
Сонымен қатар делегация мүшелері жергілікті фермерлердің жұмысымен жақын танысып, өндірістің толық циклін көрді. Әсіресе, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация мен ауыл шаруашылығы басқармасының үйлесімді жұмысы ерекше атап өтілді. Мұндай жүйе ортақ мәселелерді жедел шешуге және аграрлық жобаларды іске асыру мерзімін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Самат Қыдырмолда қол қойылған меморандум екі өңір үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.
Бұл келісім өсімдік және мал шаруашылықтары өнімдерін қайта өңдеуде бірлескен жобаларды іске асыруға, саланы дамытуға серпін береді, – деді ол.
Айта кетейік, шығысқазақстандық мамандар алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерімен де агроөнеркәсіп кешені бағытында тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр. Бұл бастама саладағы тиімді шешімдерді енгізуге және өңіраралық байланысты одан әрі нығайтуға ықпал етпек.




