Елімізде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды (ӘКК) жаңғырту және оларды өңірлік даму институттарына айналдыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен арнайы кеңесте ӘКК қызметін реформалау тетіктері талқыланды.
Корпорациялардың жұмысын жетілдіру жөнінде ұсынысты салалық министрліктер, өңір әкімдіктері және ӘКК-лердің өздері ұсынған. Осы ұсыныстар негізінде Ұлттық экономика министрлігі олардың қызметінің жеті негізгі бағытын айқындады.
Жаңа тәсілге сәйкес, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар өңірлердегі жобалардың бес жылдық портфельдерін әзірлеп, әрбір бастамаға инвесторлар мен қаржыландыру көздерін анықтауға тиіс. Бұл ретте екінші деңгейлі банктер мен «Бәйтерек» холдингінің даму институттары негізгі қаржы көздері ретінде қарастырылып отыр.
Сондай-ақ ӘКК-лер бизнес пен ұлттық даму институттары арасындағы байланысты күшейтетін негізгі буынға айналады. Олардың қатарында «Даму» қоры, Қазақстанның Даму банкі, Аграрлық кредиттік корпорация, сондай-ақ KazakhInvest, QazIndustry және QazTrade сияқты ұйымдар бар. Бұдан бөлек корпорацияларға табыстылық және өзін-өзі ақтау қағидаттары негізінде несие беру құқығын кеңейту жоспарланған. Ал мемлекеттік активтерді басқару тиімділігін арттыру басты басымдықтардың бірі болмақ.
Реформа аясында тұрақтандыру қорларын ӘКК құрамынан шығару мәселесі де қарастырылып жатыр. Бұл қадам олардың қызметін оңтайландырып, ашықтықты арттыруға, сондай-ақ кредиттік рейтингтер алуға және нарықтан қосымша қаржы тартуға мүмкіндік береді.
Қанат Бозымбаев арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың жұмысын жетілдіруді, бейінді емес активтерге түгендеу жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, ӘКК үшін бірыңғай кредиттік және инвестициялық саясатты қалыптастыруға арналған нормативтік-құқықтық база әзірлеу қажеттігі атап өтілді.




