Бүгін қала және аудан әкімдіктерінің, облыстық басқармалардың өкілдері Шығыстың бас шаһарына жиылды. Олар спорттың 10 түрінен сынға түсіп, өзара мықтыны анықтайды, деп хабарлайды F16.kz.
Жыл сайын ұйымдастырылатын мемлекеттік қызметшілер арасындағы дәстүрлі спартакиадаға биыл 240-қа жуық адам қатысып жатыр.
Сайыстың бас төрешісі Бодатбек Даумов биыл ұлттық спорт түрлеріне басымдық берілгенін атап өтті.
Бүгін ең басты сайыстардың бірі — волейбол жарысы басталды. Әр аймақтан келген мемлекеттік қызметшілер тоғызқұмалақ, шахмат, баскетбол, футбол, суда жүзу, теннис, арқан тарту мен садақ атудан сынға түседі. Биыл қазақ күресі қосылды. Жарыстың басты мақсаты — мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын дәріптеу, әріптестік байланыс орнату. Әкімдік, басқарма қызметкерлері халықпен тікелей жұмыс істейді, сондықтан денсаулықтарын нығайту маңызды, — деді ол.
Айта кетейік, былтыр өткен республикалық спартакиадада Шығыс Қазақстан облысының волейболшылары чемпион атанған.
Биылғы додаға облысы әкімі Нұрымбет Сақтағанов та белсенді қатысып, волейбол бәсекесінде барын салды. Аймақ басшысы ШҚО әкімі аппараты командасы сапында облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының ойыншыларымен шеберлік байқасты.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметті елге қызмет етудегі ең құрметті әрі жауапты міндет ретінде жоғары бағалап келеді. Мемлекеттік қызметшілер елмен тікелей жұмыс істейтіндіктен, олардың жан-жақты дамуы, оның ішінде денсаулығы мен физикалық дайындығы да аса маңызды. Осындай ауқымды спорттық іс-шаралар әріптестер арасындағы достықты нығайтып, командалық рухты қалыптастыруға және бұқаралық спортты дамытуға зор үлес қосады, — деді облыс әкімі.
Айта кетейік, облыстық кезеңде үздік шыққандар шілде айында Маңғыстау облысында өтетін республикалық спартакиадада Шығыстың намысын қорғайды.




