ШҚО-да “Дәрмек” жедел профилактикалық іс-шарасы аясында тағы бір есірткі зертханасы жойылды, деп хабарлайды F16.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Өскемен қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне есірткі өсімдігін заңсыз өсірумен айналысуы мүмкін деген жергілікті тұрғын туралы ақпарат түскен. Іздестіру шараларын жүргізу барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері кинологиялық орталықпен бірлесіп, 41 жастағы күдіктіні ұстады.
Тінту кезінде оған тиесілі шаруашылық құрылыстардың аумағынан фитолаборатория ретінде жабдықталған бөлме анықталды. Оның ішінен өзіне тән иісі бар жасыл түсті өсімдік бұталары, төрт жарықдиодты шам және желдеткіш табылып, тәркіленді. Тәркіленген өсімдіктің қарасора екені және салмағы 5 келіге жуық есірткі заты екені анықталды. Сонымен қатар зертханада салмағы 200 грамнан асатын дайын психотроптық зат — кептірілген марихуана болған, — делінген ақпаратта.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Полиция есірткі заттарын заңсыз өсіру және сақтау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.




